Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығы өнерге, соның ішінде актерлік пен шешендік қабілетке қызығатын жастар қауымы үшін семинар-тренинг өткізді. Астанадан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана» жастар театрының негізін қалаушы, кино және театр актері Әділ Ахметов, мәдениет саласының үздігі, театр-кино актері, режиссер Сүндет Сарсен және Қазақстан студенттер альянсының төрағасы Ұлан Наукен арнайы келіп, «Жастар – болашақтың жарқын айнасы» атты актерлік және шешендік өнер курсын өткізді.
Іс-шараның шымылдығын аталған курстың модераторы, Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков ашты.
– Біздің Көкшетау қаласына келудегі мақсатымыз, жастармен кездесу, сырласу және актерлік бағытта жүрген жастар болса, солармен әңгіме-дүкен құру, білгенімізбен бөлісу, есте қаларлық кеш өткізу. Бұл біздің алғашқы сапарымыз. Болашақта басқа өңірлерге де барамыз. Бұл жерде жастар актёр немесе басқа мамандық иелері ме, бөліп жармаймыз. Барлығымен тәжірибе алмасуға дайынбыз. Ал өз саламызға келсек, актер болу оңай емес. Әрбір жұмыстың ауыр жағы болады.Егер жұмысты жеңіл жағымен де, ауыр жағыменде көтере білсек, кейін сол жұмыстың игілігін көретін өзіміз. Ең бастысы, алдымызға мақсат қоя біліп, оған жету үшін шыдамдылық танытып, ұмтылсақ, біз кез-келген қиындыққа төтеп бере алатынымыз сөзсіз, – деді өз сөзінде «Астана» жастар театрының негізін қалаушысы Әділ Ералыұлы.
Оның айтуынша, кино мен театр актерында көп айырмашылық жоқ, тек формасы әр түрлі болып келеді.
– Өзінің қызығы мен шыжықтары бар. Десе де, актер үшін театрда ойнау көбірек ләззат береді. Өйткені, көрерменмен тікелей қарым-қатынаста боласың. Қаншалықты энергия кетіп, тер төгілсе, соңында көрерменнің ықыласы, қошеметімен ол екі есе қайтып, өзгеше әсер сыйлайды, – деді ол.
Сондай-ақ кездесудің екінші жартысында режиссер Сәрсен Жетекұлы жастарға арнайы тренинг өткізіп, актер болудың қыр-сырын практика жүзінде көрсетті.
– Менің ойыма түйгенім, жалпы, актерлік шеберлік дегеніміз тек қана актерлар үшін емес, қарапайым адамдарға керек. Себебі, сахнаға шығу арқылы ішкі бостандық, еркіндік тәрбиеленеді. Адамдармен қарым-қатынасқа жол ашылады. Мысалға, 200-300 адамның алдына шығып еркін сөйлеу, өнер көрсету арқылы адамның ішкі жан-дүниесіндегі өзіне қайшылық келтіретін сезімдер жойылады. Адам ішкі бостандығын тәрбиелемесе, ол өмір бойы кедергі болып жүреді, – деді актерлық шеберліктің маңыздылығын түсіндірген Сәрсен Сүндет.
Өз кезегінде Наукен Аманғазыұлы Қазақстан студенттер альянсында белсенділік танытып жүрген ақмолалық жастарды атап, көкшелік студенттерді алдағы уақытта осындай достық байланысты арттыратын кездесулерде белсенділік танытуға, өз салаларының үздіктері болуға шақырды.
– Бүгінгі іс-шараға Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері, 5510 әскери бөлімнің сарбаздары және жұмысшы жастардан құралған 100-ге жуық жас буын қатысты. Олар өнер майталмандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Аталмыш шеберлік сыныптарын алдағы уақытта да өткізіп отырамыз, – деп қорытындылады Дастан Амангелдіұлы.
Іс-шара соңында астаналық қонақтарға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының атынан Алғысхаттар, ал, қатысушыларға актерлік курстан өткендігін растайтын сертификаттар табысталды.