Өмірден орнын тапқан ана

0 21

Аса ауылының тұрғыны Әселкүл Дайырханова – еңбек адамы, ардақты жан, еңбегімен әлемді аялап, айналасына үлгі болған адамның бірі әрі бірегейі. Әселкүл апа ерен еңбектің жемісті болып, жеңіске жетелейтінін, абырой биігіне шығаратынын дәлелдеп отырған жан. Әлі күнге дейін еңбек етуден жалықпай, танбай келе жатқан Әселкүл апаға қалай қайран қалмайсың?! Адамды адам етіп тәрбиелейтін, жарық дүние сыйлайтын ананың күш-қайратына, табандылығына қалай таңданбайсың. Бір әулеттің ұйытқысына айналып, табысқа кенелтіп, жерге иілгеннің ырыс-несібесі молаятынын өз ісімен көрсетіп отырған апаның өмір жолы, еңбек жолы жайында айтылар өнегелі сөз де көп.

Әселкүл Дайырханова 1950 жылы 1 қазанда Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбектің наны тәтті екенін құлағына құйып өскен Әселкүл апа ерінбей еңбек етуді әкесі Тоқбергеннен үйренген. Әкесі Тоқберген Еділбай – Ұлы Отан соғысының ардагері, 1942-1944 жылдар аралығында Ленинград шайқасына қатысқан. Соғыс жылдарынан кейін туып өскен ауылы Қаракемерде арпа, бидай қамбасында қойма меңгерушісі болған. Анасы Зеркүл екі қыз, төрт ұл дүниеге әкеліп, үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан.

Әселкүл Тоқбергенқызы отбасында екінші бала болған. Боранды күні дүние есігін ашқан қыз жастайынан еңбекқорлығымен, қайсарлығымен, айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігімен ерекшеленетін. Біздің «Әйел заты болсаңыз да, ерге бергісіз тірлікті тиянақтауыңыздың сыры неде?» деген сұрағымызға да «Жастайымнан айтқанымнан қайтпайтын, бір істі соңына дейін жеткізетін бірбеткейлігімнің көп көмегі болған шығар» деп күле жауап беруі жоғарыда аталған қасиеттерін айқындай түседі. 1968 жылы мектепті бітіріп, 1969-1972 жылдары Жамбыл қаласындағы Статистикалық техникумда оқып, бухгалтер мамандығын иеленген. Осы салада 34 жыл жемісті еңбек етті. Жұбайы Берікқожа Дайырхановтың мамандығы – экономист. Аудан әкімшілігінің экономика бөлімінде бас экономист қызметін атқарған. Тұтас бір әулетті айрандай ұйытып, тіршілігіне нәр беріп отырған Әселкүл апа мен 2009 жылы дүниеден өткен Берікқожа Дайырханов екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Өзі білім алған саласында абыроймен еңбек еткен Әселкүл апа жұбайы дүниеден өткен соң жеті баланың жағдайын елден кем қылмау үшін білек сыбана кіріседі.

– Қызылша егуді 58 жаста қолға алдым. Алғаш рет тәтті түбірді де осы жасымда ектім. Жүрексіндім әрине. Қорқыныш та болды. Бірақ, еңбектің арқасында бәріне жетуге болатынын бала күнімнен түсінетінмін. Біздің замандастарымыз қиындықтан қорықпайтын, жоққа сабыр, барға қанағат деп өскен, төзімді етіп тәрбиеленген. Бізді заман солай тәрбиеледі, көп нәрсені сол кездегі жағдай үйретті. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме, мені алға алған бетімнен қайтпайтын тік мінезім мен балаларымның қамы жетеледі. Әкесіз екендіктерін білдіртпеу үшін, орнын жоқтатпау үшін, әкеміз болғанда бұлай болмас еді, басқаша болушы еді деген сөз болмасын деп бел шеше кірістім. Алғаш рет қызылшаны 40 гектар жерге егіп, табысты болдым. Содан біздің жер анаға иіліп еткен еңбегіміз басталды. Қызылшаны 8 жыл қатарынан ектім. Шаруа қожалығын да сол жылдары құрып, жолдасымның құрметіне «Берікқожа» деп атадым. Балаларым жәрдемші болды. Қазір жасым – 74 те. Әлі күнге дейін қыз-қыз қайнаған тіршіліктің қазанынан қол үзбей келемін. Балаларым да осы салада, – дейді еңбектің арқасында өсіп өнген әулетке айналған отбасының ұйытқысы Әселкүл апа.

Қаракемер ауылында құдасының 120 гектар жерін алып, шаруа қожалықтың жұмысына кірісіп, мал базасын соғудан бастайды. Ол кезде 40-қа жуық қой, 7-8 жылқы, 4-5 ірі қара малы болатын. Қазір де осы малдың басын құрап, темірдей төзімнің әрі талмай еткен еңбектің арқасында мал басы едәуір өскен. Біздің «Мал бағудың қиындығын басынан өткерген адам біледі. Сіз нәзікжанды болып жаратылып, 58 жасыңызда осы істі қолға алып, жемісін көріп отырсыз. Бірақ, осыған дейін көрген қиындығыңыз аз болмаған шығар?» деген сауалымызға өткен өмірін есіне ала жауап берді.

– Еңбектің, әсіресе, қара жұмыс пен мал бағудың қиындығы, бейнетін қара басынан өткізген адам ғана біледі. Түнімен қарау, күнімен бағу, ала жаздай жем-шөбін әзірлеу, әсіресе, сақпан уақытында малдан шашау шығармай төлдету – нағыз бейнет. Талай сақпан уақытында кірпік ілмей таңға дейін тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрдік. Күнімен қызылша егіп, қара терімізді қара жерге тамыздық. Осындай еңбек арқылы мал басын молайттық. Қазір бұрынғы алғаш ісімізді бастаған кездегі 40 қой 2000-ға жетті, 4-5 сиыр 100 сиыр болды. Барлығы – тынымсыз еңбектің арқасы. Нәсібімізді еңбекпен, жерге иіліп таптық. Балаларымды да осыған баулыдым, – деді.

Қызылша егуді қолға алған Әселкүл апа талай рет өнімін алмастан қардың астында қалғанын, суық қардан тазалап, қызылша жинағанын еске алады. Өзінің де, жолдасы Берікқожаның да ауданға еткен адал еңбегіңнің бағасы болар, бәлкім сол кездегі адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы ма, мемлекеттің агрошаруашылыққа көрсеткен қолдауы болар, әйтеуір ауылдық округтен, ауданнан адамдар келіп көмектесетін, қардың астында қалған қант қызылшасын жинап-теріп, басына түскен қиындықпен бетпе-бет келіп, қалдырып кетпейтін. Осыны есіне алған апа сол кездегі адамдарға разылығын, шынайы алғысын айтып отыратынын жеткізді.

 «Жесір қалдым» деп етегін жасқа бұламай тәуекелдің кемесіне мініп, бір Аллаға сенім артып, аянбай еңбек еткен, ең маңыздысы – перзенттерін еңбекке баулыған, айналасын адал іске үндеген жанның қай ісі болмасын ғибратқа толы. Ешкімге алақан жаймай еңбек ету үшін тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің отанасы бүгінгі жемісті күннің жеңісті нәтижесіне қол жеткізу үшін бар уақытын сарп етті. Әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Апамен сұқбат барысында «Қазіргі дамыған заманда қара жұмыс, мал бағу сынды істерді жастарға қалай үлгі ете аламыз?» деген сұрағымызға: «Рас, қазіргі кезде де еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген тарландар аз емес. Тек солардың насихаты тапшы екені байқалып қалады. Әйтпесе, біздің ел – еңбектен еш бас тартпаған ел ғой. Еңбек адамы деп жүрсіздер ғой. Нағыз еңбек адамы ел ішінде деп білемін. Олар мүлгіген ормандар мен жайқалған егіндіктердің басында, мамырлап жайылған мал отарлары мен мәуесі төгілген бау бақшалардың қасында, арқасын алып пойыздарға төсеген шойын жолдардың бойында, мұнайлы, кенді өлкелерден, заңғар биіктерге ұмтылған құрылыс жұмыстарының қайнаған ортасында жүр», дейді кейіпкеріміз.

Өзінің тірлігінің тындырымды болуын балаларының көп қолғабыс еткені, алдынан тек жақсы адамдар шыққанымен байланыстырады.

– Мен еңбекке баулыдым, ұйытқы болдым, жол сілтедім. Өзім өнеге болып әрбір істің басында тұрдым. Перзенттерім көргенін істеп, артымнан ерді. Өнегемді алып, ісімді жалғады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген дана сөзді өз жадымда ұстадым, балаларымның да санасына сіңіріп өсірдім. Адам қашанда ұрпағымен мықты. Жұбайым екеуміз тәрбиелеген балаларым – тірегім, қолқанатым, мақтанышым болды, – деген Әселкүл апа еңбекті сүюге, қиындықтан қашпай, қорықпай алға ұмтылуға шақырды.

Әселкүл Дайырханова – «Берікқожа» шаруа қожалығының басшысы, іскер әйел, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» және «Жамбыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, абырой биігіндегі қаржы саласының маманы, табысты кәсіпкер. Тізімді жалғай берсең, ұзын-сонар тізіле де береді. Еңбегінің арқасында қолынан келмейтіні жоқ, тәуекелшіл, еңбекқор, қайсар Әселкүл Тоқбергенқызы көптеген жетістікке қол жеткізген. 2020 жылы 70 жасқа толуына орай «Ана бақыты» атты кітабы жарыққа шыққан. 2022 жылы жарық көрген «Ел ардақтылары – фермерлер XIV» кітабында Әселкүл Дайырханованың еңбек жолы баяндалған. Сонымен қатар өткен жылы «Қазақстанның Алтын кітабы» кітабының басты бетінде Әселкүл апаның суреті бейнеленіп, ішіне өнегемен өрілген өмір жолы жазылды. Аталмыш кітаптың медалі да табысталған. «Алтын алқа» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен, 2018 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін және көпжылдық жемісті еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Осы жылы Ауылшаруашылығы министрлігі ұйымдастырған Қазақстан ауыл әйелдерінің ІІ Форумында «Шаруа қожалығының әйел басшысы» номинациясының жеңімпазы атанған.

Қазіргі таңда «Берікқожа» шаруа қожалығында «К-700-А» ауыр техникасы, көтергішімен «МТЗ-952» тракторы, 2 дәнсепкіш, «ЛДВ-2,4» техникасы, культиватор бар. Әрқашан алға жылжуды мақсат еткен кейіпкеріміз жақын арада тағы да екі трактор алуды жоспарлап отырғанын айтты. Құны 32 миллион болатын трактор бір айдың көлемінде беріледі екен. Сонымен қатар егістік жеріне екі құдық орнатуға сұраныс берілгенін айтты. Қызылшаны баптаған берікқожалықтар тамшылатып суаруды қолға алған. Әселкүл апа шаруа қожалығының бар құжатымен өзі айналысады. Алдағы уақытта келіндеріне құлпынай өсіретін жылыжай салып беруді де ойластырып отыр. Еңбегімен ер атанған кейіпкеріміздің өмір жолы осындай өнегемен өрілген. Әрқашан алға ұмтылуды, бастаған істі соңына дейін апаруды, табандылық пен еңбекқорлықты үйренуге болатын Әселкүл апаның өмір мен еңбек, тағдыр жолы бір емес, бірнеше кітапқа арқау болатындай сан қырлы, қызықты, болашақ тәрбиесіне зор үлгі болатындай ғибратты.

Әселкүл апаның ұл-қыздары бір-бір шаңырақтың отағалары, отаналары, немере көріп отырғандары да бар. Бар күш-жігерін бала бойына еңбекке деген сүйіспеншілікке жұмсаған Әселкүл апаның ұлдары бір істің басында бас болып, тынымды тірлікті дөңгелетіп отыр. Өнегелі ананың тәлім-тәрбиесін алып өскен бала жаман болушы ма еді?! «Перзенттерім, адал бол, еңбек етсең, жаман болмайсың» деген ана сөзі ешқашан ұмытылмасы анық. Жұмыстың оңайы жоқ. Әр мамандықтың ерекшелігі, қиындығы болады. Ізденбей, талаптанбай өз ісіңнің білгірі болу оңай емес.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, Әселкүл Тоқбергенқызы өмірден орнын тапқан жан. Бала тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелеп отырған еңбек адамына бұдан асқан бақыт та жоқ шығар. Қажыр-қайратымен, өнегелі ісімен барлығына үлгі бола білген кейіпкеріміз қандай да құрметке лайық.

Айдана ҚУАТОВА