Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №9 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті.
Әуелі округтің бас инспекторы Мақсат Рахымбекұлы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Ағымдағы жылы округке қарасты «Арай» алқабында 600 орынды орта мектеп және 200 орынды жекеменшік «Вангард» инновациялық бастауыш білім ордасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ Ы.Дүкенұлы, Әшімбаев көшелеріне және Саңырақ батыр көшесінің Ы.Дүкенұлы мен Қыпшақбаев көшелерінің аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынып, Саңырақ батыр көшесі жаңғыртылды. Сонымен қатар Қыпшақбаев көшесі орташа жөндеуден өтіп, Абишев, Фресно көшелерінің бұрылыстарына, Ы.Дүкенұлы, Ашимбаев, Қойгелді, Гоголь, Нұрмағамбетов көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, «Алатау (8), «Бәйтерек» (13), «Арай-2» шағын аудандарында аула жолдары жөнделіп, Некрасов, Байгісеев көшелері, Фресно көшесінің 9,11 бұрылыстарында, Фресно көшесі, 5-8 бұрылыстар аралығында және «Бәйтерек» (13) шағын ауданында түнгі жарық шамдары орнатылды. Биыл Бәйдібек баба көшесінде 8, Казаков көшесінде 4, Байзақ батыр көшесінде 1, Фресно көшесінің 9-бұрылысы («Жібек жолы» базары маңында) 2 аялдама қойылып, Саңырақ батыр көшесіндегі 6 аялдама жаңа кейіпке енді, – деген М.Рахымбекұлы алдағы уақытқа жоспарланған межелі міндеттерді де тілге тиек етті.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Округ тұрғындары тарапынан жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, жол кедергілерін орнату, қоқыс тазалау секілді маңызды мәселелер көтерілді.
Барлығын мұқият тыңдаған шаһар басшысы әр сауалға нақты жауап беріп, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен, жоспарға сай өз шешімін табатынын жеткізді.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.