Нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды

0 2

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен облыс әкімі «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешеніне барды. Аумағы 26 мың шаршы метрді құрайтын нысанда 50 метрлік бассейн, 2500 орынды әмбебап спорт залы және 300 орынды конференц-зал қарастырылған. Кешен халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Одан кейін Титов шағын ауданында салынып жатқан №5 қалалық емхананың құрылысы тексерілді. Бір ауысымда 400 адамды қабылдайтын медициналық мекеменің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта ғимаратта монолитті құрылыс, ішкі қабырғаларды қалау және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Аймақ басшысы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 500 келушіге арналған жаңа емхана мен 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысының барысын да көрді. Бұл медициналық нысандарда диагностикалық, амбулаториялық, стационарлық және жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі.

Сонымен қатар Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы қаралды. Жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, жаяу жүргіншілер жолы және қажетті инженерлік инфрақұрылым салынып жатыр. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен орындалуда.

Мұрат Ергешбаев жауапты мекемелерге құрылыс сапасын бақылауды және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Қалада жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар Қызылорданың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.