Нақты көлем индексін ұлғайту міндетін қойды

0 4

Үкіметте өткізілген экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңірлердің алдына тау-кен металлургия кешенінің 2025 жылғы нақты көлем индексін ұлғайту міндетін қойды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2025 жылы физикалық металлургия индексінің 5 пайыз, металл кенінің 3,1 пайыз, көмір өндірудің өткен жылдың деңгейінде өсуін болжайды. Мысалы, алтын, прокат, ферроқорытпа, шойын өндіру көлемінің ұлғаюы есебінен металлургия көлемін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ биыл «Qaragandy Power Silicon» ЖШС кешенді қорытпа зауыты, «Ekibastuz FerroAlloys» ЖШС ферроқорытпа өндірісі, «Shagala mining» ЖШС катодты мысы, Лиманное кен орны іске қосылады.

Вице-премьер штаб отырысында атап өткендей, биыл еліміздің экономикалық өсімінің 7 пайыздық таргеттелетін көрсеткіші үшін ТМК-ның жоспарланып отырған өсу көрсеткіштері жеткіліксіз.

«Еліміздің экономикалық өсуі бойынша 7 пайыз мақсатты бағыт шеңберінде өңдеуші өнеркәсіп өсімінің нысаналы индикаторы 7,6 пайызды құрайды. Өңдеуші өнеркәсіптегі үлес салмағы шамамен 40 пайызды құрайтын металлургия бойынша негізгі өнім түрлері бойынша НКИ-нің жоспарланған көрсеткіштері негізінде біз 2-3 пайыздан аспайтын өсімді көреміз. Биыл барлық салалық өндірушілерімен бірлесіп, ТМК-да жоғары өсімге қалай қол жеткізуге болатынын талқылау қажет, көрсеткіштерді барынша тәуекелді түрде қою керек», — деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ отырыста Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы тыңдалды.

БҚО-да 2025 жылғы қаңтарда негізгі капиталға инвестиция 28,9 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы қаңтар айымен салыстырғанда 7,1 пайызға артық (26,7 миллиард теңге). Оның ішінде 90,2 пайызы жеке инвестиция, 9,8 пайызы бюджеттік инвестиция. 2025 жылға арналған негізгі капиталға инвестициялар бойынша облыстың KPI-ы 841 миллиард теңге. 2024 жылғы 9 айда тікелей шетелдік инвестиция ағыны $995,5 миллионды құрады. Бұл 2023 жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 13,1 пайызға артық ($880,1 миллион). ТШИ-дегі негізгі үлес тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. 2025 жылы жалпы құны 44,5 миллиард теңге болатын 769 жұмыс орны ашылатын 25 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Атырау облысында инвестицияның негізгі үлесі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. 2025 жылғы қаңтарда инвестиция көлемі 100,9 миллиард теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы қаңтардың көрсеткішінің жартысынан төмен (195,4 миллиард теңге). 2025 жылы жалпы құны 59 миллиард теңгені құрайтын, 595 жұмыс орны ашылатын, 15 инвестициялық жоба пайдалануға беріледі. Олардың қатарында «ATYRAU CHICKEN» ЖШС құс фабрикасы, «Айдана-Агро» ШҚ жылыжай кешені, «Тексол-Транс» ЖШС сұйытылған газды сақтауға арналған қойма, «Жұмағалиева» ШҚ көкөніс қоймасы және басқалары бар.

Қазіргі уақытта, өңірлердің деректері бойынша, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін елеулі кедергілер байқалмайды. Осыған қарамастан, вице-премьер өңірлерді «Бәйтерек» холдингі арқылы қолжетімді қаржыландыруға өтінім беру үдерісіне бизнесті белсенді тартуға шақырды.