Мойынқұм ауданының елді мекендерінде ауылдық округ әкімдерінің 2022 жылдың I тоқсанындағы атқарған жұмыстары туралы халық алдындағы есептері жалғасуда.
Мыңарал ауылдық округінің әкімі Нәби Бейсембаевтың Кенесары Қасымов атындағы шағын орталықты орта мектебінің мәжіліс залында өткен есебінде ауыл тұрғындары О.Әбенова, А.Ибраимов «НұрАй» балабақшасына жөңдеу жұмыстарын жүргізуді, стансада Теміржол көшесінен Абай көшесіне көпір салынуына ықпал етуді сұрады.
Ал Шығанақ ауылының тұрғындары О.Боранбаев, Қ.Жапаров ауылдық округ әкімі Сәбит Таңатаровтың ауылдық клубта өткен есебінде ауылдағы ауызсу құбыры арқылы сағаттап берілетін судың берілу уақытын сегіз сағатқа дейін ұзартса, ауылдағы жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі, үйі жоқ Аймұқан Түкеновке «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы көмек берілсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Ақсүйек ауылының тұрғындарын сапалы ауызсу, ауыл тазалығы, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және мал дәрігерінің жоқтығы мәселелері толғандырады екен. Ауылдық округ әкімі Ерболат Нұрлановтың әкімшіліктің мәжіліс залында өткен есебінде оны ауыл тұрғындары А.Жағанов, Л.Вологжанина, Г.Жанғозиев жеткізді.
Алтынды Ақбақай ауылының тұрғындарын толғандырған мәселелер де аз емес екен. Ауылдағы орта мектептің мәжіліс залында өткен есепті жиында ауыл тұрғындары М.Тынышбеков, Р.Ипбергенова, Н.Қариев ауылдық округ әкімі Жандос Садуовқа «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалы мекемесіне ауыл тұрғындары жұмысқа орналастырылса, Ақбақай-Мирный тас жолы және ауыл көшелері жолдары жөнделсе, ауылда шағын футбол алаңшасы салынса деген ұсыныстарын жеткізді.
Мирный ауылдық округінің әкімі Сайнұр Амановтың халық алдындағы тоқсандық есеп беру кездесуінде де ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар ұсыныс-тілектер айтылды. Атап айтқанда ауыл тұрғындары С.Иманбеков, Т.Тайшиева ауызсу мәселесін шешу, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік тірек пунктіне жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Хантау ауылдық округінің әкімі Әнуар Сейітқазиевтың С.Сейфуллин атындағы шағын орталықты орта мектептің мәжіліс залында өткен есеп беру жиынында бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар туралы хабардар болған тұрғындар ауылдың өзекті мәселелерін де жеткізді. Мысалы ауыл тұрғындары Б.Шохаев, Л.Кеншімбаева, З.Іңкарбекова ауылдық округтегі балабақша, теміржол өткелі, жұмыссыздық мәселелерін көтерді.
Биназар ауылдық округінің әкімі Бағдат Наурызбаевтың есептік жиыны ауылдық клубтың залында өтті. Онда ауыл тұрғындары А.Оспанбекова, А.Жайнақов, Е.Ошақбаев, С.Болысбаев ауылдағы аула клубына әкімшілік есебінен ауызсу құбырын тарту, арық қазатын техника жеткізіп беру, ауылдағы ауызсу желісін ауыстыру, жайылымдық жерлер мәселелерін көтерді.
Ауылдық округ әкімдері тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, айтылған ұсыныс-тілектердің алдағы уақытта назарға алынатынын жеткізді.