Мемлекет басшысы алға қойған міндет мерзімінде орындалуы тиіс

0 7

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге тұрғын үй салу және сатып алу мәселелері қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, энергетика, көлік министрліктерінің басшылары мен бірқатар облыс әкімдері су тасқыны салдарын жою жұмыстарының барысы туралы баяндады. Апатты деп танылған 8650 үйдің иесіне қайталама нарықтан үй сатып алынуда немесе жаңасы салынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. Ал, 2431 үйдің іргетасы тұрғызылды, 2207 үйдің қабырғасы қаланды, 2007 нысан шатыры жабылды. Жөнделуі тиіс 9189 нысанның 8939-ында (97 пайыз) жұмыстар аяқталған. Сатып алу жоспарланған 6081 үй мен пәтердің бүгінде 4918-і (81пайыз) сатып алынды.

Премьер-Министр су тасқыны салдарын жою және азаматтардың мүлкін қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілсе де, бекітілген кестелерден кешігу фактілері бар екеніне тоқталды. «Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккендерді уақытылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеті мерзімінде орындалуы тиіс. Республикалық штаб қажетті шешімдерді қабылдады, қаржы толық көлемде бөлінді. Барлық ресурстарды жұмылдырып, жұмысты жандандыру қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндалды. Су тасқыны салдарынан еліміздің 6 өңірінде 11 мыңға жуық бала оқитын 40 білім беру ұйымы зардап шекті. Бұл бағытта да қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр. Ақтөбе облысында 8 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет резервінен 6 жаңа білім беру мекемесінің құрылысына 6,2 млрд теңге бөлінді.  Атырау облысындағы 6 нысанда жөндеу жұмыстары 50 пайызға аяқталды. Сонымен қатар балабақша мен мектеп құрылысы басталды. Батыс Қазақстан облысында 4 нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында су басқан 5 білім беру ұйымының үшеуі оқу жылын бастауға дайын. Ақмола және Қостанай облыстарындағы білім беру мекемелерінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған өңірлерде 6 нысан зақымданған, солардың біреуі бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады. Сонымен қатар өңірлерде 8 медицина мекемесі зардап шекті. Үш нысанның құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Тағы үш нысанда ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді, ал біреуінің орнына жаңа ғимарат салу жоспарланған.

Бүгінгі таңда республикалық магистральдардың 102 учаскесінде жұмыс толығымен аяқталды. Газ тасымалдау инфрақұрылымы нысандары штаттық режимде жұмыс істейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, барлық жұмыстар аяқталғанға дейін құрылыс нысандарында үйлестіру мен бақылау жұмыстарын күшейту тапсырылды.