«LRT»: құрылыс қарқын алды

0 2

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Instagram» парақшасында «LRT» құрылысы қалай жүріп жатқаны туралы жазды.

«№112 стансаға (Абу Даби Плаза) барып, «LRT» құрылысының барысымен таныстым. Абу Даби Плазадағы №112 стансада жалпы ауданы шамамен 5 мың шаршы метр болатын қасбеттің сыртқы металл қаңқасын монтаждау, әрі қарай ­витраждар мен панельдерді орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл ІІІ тоқсанда сынақты бастау үшін осыған ұқсас жұмыс барлық 18 стансада аяқталады.

Осыған дейін эстакаданың құ­рылысы аяқталып, стансалардың негізгі темірбетон конструкциялары салынған. Есіл өзені арқылы өтетін аспалы көпірдің құрылысы, 101-стансаның қасбеттік бөлігінің құрылысы аяқталды. Сол сияқты «LRT» құрамының 19 бірлігіне тапсырыс берілді. «LRT» желісі стансаларының негізгі темірбетон конструкцияларының құрылысы 100 пайыз аяқталды. №116 және №117 стансалар арасындағы эстакада учаскесінде рельс жолының алғашқы 500 метрі төселді.

2025 жылдың соңына дейін жолдың жоғарғы бөлігінің құрылысын толықтай аяқтау, оның ішінде рельс­терді төсеу, дабыл және байланыс жүйелерін баптау, стансаларды ішкі және сыртқы әрлеу, құрамдарды жеткізу мен депо салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2025 жылы Қабанбай батыр даңғылы мен Ш.Қалдаяқов көшесіндегі «LRT»-ның астыңғы эстакадалық бөлігін абаттандыру жоспарланып отыр. Біз «LRT» бойындағы бағытты кезең-кезеңімен абаттандырамыз. Мысалы, биыл Қабанбай батыр даңғылын әуежайдан Мәңгілік ел даңғылына дейін ауқымды көгалдандыру жоспарланған. Сығанақ көшесінің бойындағы учаскеде (Қабанбай батыр даңғылынан Тә­уелсіздік даңғылына дейін) ағаштар, веложолдар, бірыңғай стильдегі көше жиһаздары орнатылады.

«LRT»-ның негізгі аялдамаларының жанында – «Mega Silk Way» СОО, «Ботаникалық» бақ және «Поколение» ТК маңында қала тұрғындарының демалысы мен уақытын пайдалы өткізуі үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылады. Олар заманауи абаттандырылған, қаланың тартымды әрі ыңғайлы орындарының біріне айналады» деп жазды Жеңіс Қасымбек.