Комплаенс қызметі мен бақылау тетіктері талқыланды

0 6

Жамбыл облысында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында маңызды жиын өтті. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті сала басшылары мен комплаенс-қызметіне жауапты мамандарға арнап «Білім беру жүйесінде №4 үлгілік бағытты тиімді іске асыру тетіктері» тақырыбында семинар ұйымдастырды.

Семинар барысында қатысушыларға қаржы тәртібін сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада көзделген шектеулер мен талаптарды орындау, мүдделер қақтығысының алдын алу, кадрлық іріктеудегі әділдік пен мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, комплаенс-қызметінің рөлін күшейтудің нақты жолдары ұсынылды.

— Білім беру саласы – қоғамның тұрақты назарында тұрған маңызды бағыт. Бұл салаға қатысты арыз-шағымдар көп түсетіні белгілі. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуда комплаенс-қызметінің орны ерекше. Оған жауапты мамандардың кәсіби біліктілігі мен адалдығы — басты кепіл, — деп атап өтті аталған департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Бақтыхожаев.

Семинарға қатысқан Жамбыл облысының әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Бекпатшаев пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Қызылқұлова комплаенс-қызметінің күнделікті жұмысына қатысты нақты бағыттар ұсынды. Атап айтқанда, ішкі бақылау мен тәуекелдерді бағалаудың жүйелілігін арттыру, бұзушылықтың алдын алу механизмдерін жетілдіру және басқарушылық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету жайында бірқатар ұсыныс берілді.

Іс-шара барысында жобаларды іске асырудың әдістемелік негіздері, есеп нысандары, бағалау кестелері мен нұсқаулықтар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар бұл бағыттағы нормативтік база мен тәжірибелік тәсілдерді терең талқылады.

Кездесу соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, комплаенс жүйесін тиімді енгізу және тәжірибе алмасу бойынша тың ақпараттармен қаруланып, күнделікті жұмысқа қажет нақты ұсыныстарға қанықты. Мұндай іс-шаралар саладағы ашықтық пен әділдік қағидаларын нығайта түспек.