Жетісу өңірінде медицина саласында дәрігерлердің жетіспеуі мәселесі көптен қаузалып жүр. Облыс әкімдігі осы түйінді мәселені шешудің тың жолын тапты. Жыл басынан бері өңірге келіп, жұмыс істейтін ақхалаттылар үшін бір жолғы көтермеақы тағайындалды. Осы мақсатта облыстың қаржы қазанынан 595 млн теңге қаралып отыр.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен қолға алынған жоба бойынша ауылдық жерде тер төгетін дәрігерлер үшін 10 млн теңге, ал, қаладағы медициналық нысандарда еңбек ететін ақхалаттылар үшін 5 млн теңге көтермеақы төленеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровтың айтуынша, дәрігер кадрларының тапшылығы былтырғыға қарағанда 8 пайызға төмендеген. Өңірдің бас дәрігері жыл басынан 76 маман Жетісу облысына келгенін алға тартып отыр.
– Он айда өңірге келіп, ауылдық жерде халыққа медициналық қызмет етіп жүрген 9 дәрігерге, қалаға келген 16 маманға көтермеақы төленді. Биыл шілде мен қазан аралығында жұмысқа қабылданған 45 дәрігерге қаражат жыл соңында беріледі. Бір айта кететін жайт, осы бастамаға үн қосқан дәрігерлер үш айлық сынақтан өтуі керек. Тап қазір облыстағы медицина нысандарына 186 маман жетіспейді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш төмендейді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың демеуімен қолға алынған бастама кадр тапшылығын шешуде үлкен демеу болып отыр, – дейді бас дәрігер.
Өңірге еңбек етуге келген мамандардың бірі – Нұрмұхамед Байжанов. Тараз қаласының тумасы 17 жылдан астам уақыт бойы дертіне шипа іздегендерге жәрдемдесіп келеді. Алты ай бұрын Алакөл аудандық ауруханасы басшылығының шақыртуымен келген. Қазір осы аурухананың Қабанбай елді мекеніндегі бөлімшесінде еңбек етуде. Сынақ мерзімінен сүрінбей өткен оған 10 млн теңге көтерме ақы төленген. Оған қоса, жергілікті әкімдік баспанамен де қамтамасыз еткен. Енді бастама талабына сай бес жыл осы медициналық нысанда еңбек етуі керек.
Алакөл аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Эльмира Серікова ауданға келген екі хирург, екі реаниматолог және бір акушер-гинекологқа 10 млн теңге көтермеақы төленгенін, баспанамен қамтамасыз етілгенін алға тартып отыр.