Үстіміздегі жылы 11-маусымда сағат кешкі сегіздер шамасында Тараз қаласының бірқатар аймағы беймәлім түтінге оранып, елді әбігерге салған болатын. Тиісті орындар ол бойынша арнайы комиссия құрылғанын, тексеру жүргізіліп, төтенше жағдайдың жай-жапсары анықталып, жұртшылыққа жеткізілетінін айтқан еді.
Жақында облыс бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Арсен Латыпов пен осы департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Серік Нұрбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілер қауымын тексеріс қорытындысымен таныстырды.
Арсен Хасенұлының айтуынша, облыс орталығындағы төтенше жағдай «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» Тараз филиалы зауытында абсорбердің моногидратты сорғысының істен шығуы себебінен қаланың ауа бассейніне ластаушы заттардың, яғни күкірт триоксидінің апаттық шығарылуы салдарынан орын алған. Болған апат туралы жедел ақпарат алған облыс бойынша экология департаментінің мамандары Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесіп, атмосфералық ауаның сынамасын алып, фактісін анықтаған. Алғашқы өлшеу сағат 21:20-да Сүлейменов көшесі бойындағы зауыттың санитарлық-қорғау аймағына жүргізіліп, онда фторлы сутегінің 7,5 есе артқаны анықталыпты. Аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксиді бойынша қалыпты мөлшерден асып кету анықталмаған.
Сондай-ақ сағат 22:05-те Жамбыл ауданының Шайқорық елді мекені маңындағы зауыттың санитарлық-қорғау аймағында ұқсас ластаушы заттарға өлшеу жүргізіліп, ластаушы заттардың артуы болмағаны анықталды. Департамент қызметкерлері зертханалық аспаптармен қайта жарақтанып және Polar газ анализаторын тексеруден алып, сағат 23:00-де Кәсіпкерлік кодексінің негізінде, тексеруді прокуратура органдарында кейін тіркеуден өткізу жолымен «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» ТФ жоспардан тыс тексеруге кірді. Онда 12-шілде күні сағат 00:05-те күкірт қышқылы цехының ластаушы заттар шығарындыларының көзінде өлшеулер жүргізді. Алайда өлшеу кезінде цех жұмыс істемеді, онда тазарту (продувка) жүргізіліп жатты, сондықтан ластаушы заттардың деңгейінің асып кетуі анықталған жоқ», – деп атап өтті спикер.
– Күкірт қышқылы цехының өндірісі бойынша тексеру барысында экологиялық заңнаманың бес бұзылуы анықталды, – деген департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Серік Нұрбаев оларға жеке-жеке тоқталды. Оның айтуынша, 11.07.2022 жылы сағат 20.00-де моногидратты абсорберде технологиялық газды суаруды жүзеге асыратын сорғы істен шығып, ол ластаушы заттың – үш күкірт оксидінің апаттық шығарылуына әкеліп соққан. Кәсіпорынның мәліметінше, сол күні сағат 20.15-те аталған цехтың жұмысы тоқтатылған. Бірақ тексеру кәсіпорынның рұқсат беру құжаттарымен күкірт триоксиді шығарындыларының нормативтері белгіленбегені, сондықтан экологиялық рұқсатта көрсетілмеген, қоршаған ортаға теріс әсер ететін үш күкірт оксиді 0,9106 тонна көлемінде өз бетінше эмиссиялар жүзеге асырылған. Бұл ҚР Экологиялық кодексінің 106-бабының талаптарын бұзу болып табылады. Кәсіпорын тарапынан орын алған заңбұзушылықтарды тізбелеген спикер олар бойынша әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 5 млн теңгені құрағанын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілгенін, оны орындау міндетті болып табылатынын атап көрсетті. Сонымен қатар 2022 жылдың екінші жартыжылдығында серіктестікке қатысты берілген нұсқамалардың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілетін болады. Серіктестік 2023 жылғы профилактикалық бақылау тізіміне енгізілмек.