ІСКЕРЛІКТЕРІН САРАПҚА САЛДЫ

0 10

Жастар ресурстық орталығының бизнес тренері Назерке Айдарбектің ұйымдастыруымен Меркі ауданында жас кәсіпкерлер арасында «Кәсіп түбі – нәсіп» атты байқау болып өтті.

Мемлекеттің Жастар саясатын дамыту аясында ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – аудандағы жас кәсіпкерлердің жұмысын дәріптеу, кәсіпкерлікті насихаттап, жұмыссыз жастардың өз-өзін жұмыспен қамтуына жағдай жасау, жастарды кәсіппен айналысуға баулу, сол арқылы аудандағы қабілетті жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету. Байқауға ұлттық қолөнер туындыларын жасау, тігін тігу, тәтті тағамдар дайындау және химиялық тазалау бағыттарында кәсіптерін дөңгелетіп отырған тоғыз кәсіпкер қатысты. Олар үш кезең бойынша бақ сынады.

Байқаудың бірінші кезеңі алдын ала ұйымдастырылыпты. Кәсіпкерлер өздерінің кәсіптері бойынша бейнеролик дайындап, оны әлеуметтік желіге жариялап, көп қаралым және лүпіл жинау бойынша жарысқан. Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті тым жоғары болғандықтан кәсіпті дамыту мен оның аясын кеңейтуде виртуалды желілердегі белсенділіктің маңызы жоғары екені рас. Сондықтан байқау барысында осы алдын-ала өткізілген алғашқы кезеңнің нәтижесі де есепке алынды.

Екінші кезеңде кәсіпкерлер қазылар алқасы мен көпшілік алдында өздерінің жұмыстарын таныстырды. Әрбір кәсіпкер өзі айналысатын кәсіптің қаншалықты сұранысқа ие екенін, оның маңыздылығы мен сол кәсіпке қалай келгені жайында баяндады. Мысалы ойталдық Нұрбол Желеу өзінің ағасымен бірге гипстен бұйымдар жасайтынын айтса, ақаралдық Бибігүл Төлеген химиялық тазалау ісін жолға қойыпты. Ал жаңатоғандық жас кәсіпкер Ақтөре Нұртай өзінің әкесі секілді күмістелген ер тоқым, құйысқан сынды ат әбзелдері мен қамшы жасайды екен. Сондай-ақ байқауда отбасылық тігін цехын жүргізіп отырған сарымолдаевтық жас кәсіпкер Әлібек Шөңкебаев, құрақ құрап, көрпе тігетін сұраттық қыз Әсел Солтанай, наубайхана ісімен айналысатын рысқұловтық Айсара Сапарбаева, сұйық шыныдан бұйымдар жасайтын ақтоғандық Лаура Шүйгінбаева, кондитер өнімдерін дайындайтын тәттілік Айдана Құмбелқызы өз кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісті.

Ал байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар өздерінің жұмыс істеу барысын бейнеролик арқылы кеңінен көрсетті.

Жас кәсіпкерлердің өнері мен кәсіби дағдыларын құрамында аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Нұрлан Сейсенбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Темірлан Әкімбеков, Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұрбек Жұманазаров және Жұмыспен қамту орталығының бас маманы Талап Сағынтаев бар қазылар алқасы бағалады. Әділ қазылардың ортақ шешімі бойынша Ақтөре Нұртай мен Айсара Сапарбаева үшінші орынды бөліссе, Лаура Шүйгінбаева екінші орынды иеленді. Ал бірінші орынды Әсел Солтанай жеңіп алды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы Дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.