Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков аудан кәсіпкерлерімен кезекті кездесу өткізді. Басқосу барысында өңір экономикасын көтеру мақсатында инвестиция тартып, шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері сөз болды.
Осы мақсатта аудан әкімі бастаған меркілік делегация Қытай елінің Шанхай қаласында өткен Халықаралық «NERCON China 2024» жәрмеңкесіне қатысып қайтқан еді. Жәрмеңкеде қайта өңдеу, монтаждау, дәнекерлеу, өндіру технологиялары бойынша, соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар, электроника өнімдері мен ауылшаруашылығына қажетті жаңа техникалар әлемнің 180 елінен келген инвесторлардың назарына ұсынылған. Аудан әкімі аталған жәрмеңкеде қойылған соңғы үлгідегі өндіріске қажетті техникалар және технологиялармен таныстырып, оларды өзіміздің ауданда қолданысқа енгізудің маңыздылығына кәсіпкерлердің назарын аударды.
Сондай-ақ Жорабек Нұрмергенұлы шағын және орта бизнесті дамыту үшін инновациялық жаһандық әдістер мен озық технологияларды қолданудың маңызды екенін айтып, осы мақсатта көрші елден өндіріске қажетті құрылғыларды алып келуге ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кәсіпкерлер өз кезегінде аудан әкімінің бастамасы өте орынды екенін айтып, пікірлерімен бөлісті. Қолға алынған бастаманы нәтижелі жалғастыру мақсатында ауданның ішкі сұранысын анықтау жөнінде ұсыныстарын да жеткізді.