Германияның Майндағы Франкфурт қаласында «Frankfurter Buchmesse-2024» Франкфурт кітап жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 95 елден мыңнан астам автор қатысты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың қатарында 30-дан астам отандық өкіл, сондай-ақ «Мектеп», «Алматы-кітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe & World Publishing», «ASTANA-KITAP» сынды ірі баспалар бар. Аталған ведомствоның қолдауымен қазақстандық баспагерлер үшін арнайы стенд ұйымдастырылып, 250-ден астам кітап ұсынылды.
– Қазақстанның «Frankfurter Buchmesse-2024» кітап жәрмеңкесіне қатысуы – еліміз үшін маңызды тарихи оқиға. Бұл халықаралық платформа бізге мәдени мұрамызды таныстырып, қазақстандық авторлар мен баспагерлерді әлемдік деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Жәрмеңке аясында отандық басылымдарды таныстырып қана қоймай, болашақта стратегиялық байланыстар орнату үшін маңызды кездесулер мен келіссөздер өткізуді жоспарладық. Бұл бастама біздің кітап нарығының дамуына, оның жаңа деңгейге шығуына және авторлардың шығармаларын әлем бойынша таратуға бірегей мүмкіндік береді, – дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али.
«Frankfurter Buchmesse» аясында көрмеден бөлек семинарлар, дөңгелек үстелдер, концерттер және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.