Ел экономикасында орны бөлек мамандықтардың бірі – металлургия. Қиын да жауапты қызметті қолға алған азаматтардың қатарында жергілікті «Қазақстан алюминийі» зауытының аппаратшы-гидрометаллургы Нұрдәулет Серхан бар. 1990 жылы Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келген ол 15 жасында тарихи Отанға оралып, Павлодар қаласында білім алды. 2008-2010 жылдары Инновациялық Еуразия университетінің колледжінде жылу энергетикасы мамандығын меңгерді. Ал 2011 жылдан бері «Қазақстан алюминийі» кәсіпорнында жемісті жұмыс істеп келеді.
– Бұл кәсіпорын – еліміздегі іргелі өндіріс орындарының бірі. Елімізде глинозем шығаратын жалғыз отандық зауыт сапалы шикізатпен тек ішкі нарықты емес, сырттағы шетелдерді де қамтып келеді. Сол себепті осындай ірі компанияда жұмыс істеу – мен үшін мәртебе. Зауытқа колледжді енді тәмамдаған жас маман болып келген мені алдыңғы буын ағаларымыз үйретті, білгенімен бөлісті. Әсіресе, тәлімгерлерім Сәрсен Аймолдинов пен Жастілек Уәлихановты ерекше атап өткім келеді. Олар маған жол көрсетіп, металлургия саласының қыр-сырымен, аппаратшы-гидрометаллург жұмысының негізгі міндеттерімен таныстырды. Осындай ұстаздардың көмегімен білімімді толықтырып, біліктілігімді шыңдадым, – дейді Н.Серхан.
Бүгінде аппаратшы-гидрометаллургтың жұмысына көп нәрсе байланысты. Бұл жұмысты атқаратын мамандар өндіріске қажет су дайындап, неғұрлым мол көлемде алюминий дайындауға барын салады. Зауыттағы ағынның көп болуына тікелей әсер етеді. Қысқасы, кәсіпорын өнімділігінің жоғары болуы осы цех мамандарының жұмысына байланысты.
Бұл ретте компания басшылығы қызметкерлерге жайлы жағдай жасауды алдыңғы орынға қояды. Нүрдәулет Серханның сөзінше, осыдан 15 жыл бұрынғы және қазіргі аппараттардың арасында айырмашылықтар бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын аппараттар жаңғыртудан өтіп, жұмыс айтарлықтай жеңілдеді. Соңғы уақытта цифрландыру тетіктерін енгізуге баса мән беріліп келеді. Бұрын айтарлықтай күшті талап ететін жұмыстарды бүгінде бірнеше батырманы басу арқылы атқаруға болады.
– Металлургия – жан қалауымен атқаратын қызмет. Ол талпынысты, төзімділікті, табандылықты талап етеді. 15 жылдық тәжірибесі бар маман ретінде өзіміз де жастарға бағыт-бағдар беріп, жұмыс барысында жинағанымызбен бөлісіп келеміз. Байқағаным, бұл салада нағыз шымыр, берік, бастысы металлург болуды армандаған жастар қалады. Жылдан-жылға мамандықтың мәртебесі де артып келеді. Біз облыстың, тұтас елдің экономикасының өркендеуіне аз да болсын үлесімізді қосқанымызға қуанамыз, – дейді аппаратшы-гидрометаллург.
Бұл ретте тәжірибелі маман басшылық тарапынан әлеуметтік қолдаудың жоғары екенін де атап өтті. Жұмысқа жету үшін арнайы көліктер қарастырылған, табыс тұрақты, емдеу және демалыс орындарына жолдамалар да беріледі. Дей тұрғанмен, өзіндік қиындықтары да бар. Әсіресе, ауысыммен жұмыс істеу кейде салмақ салып жатады. Мұндайда Нұрдәулет Серханның жан жары Бақытгүл түсіністік танытып, жолдасына қолдау көрсетеді. Қыздары Айзере мен Айкөркем де әкесін мақтан тұтады.
Нұрдәулет Серханның білікті маман ретіндегі еңбегі еленіп, қоғамдық шараларға белсене қатысуы жоғары бағаланып, басшылық тарапынан Алғысхаттар табысталды. Өндірістің өркендеуіне үлес қосып жүрген гидрометаллург алдағы уақытта да биік белестерді бағындырарына сенім мол.