Алматы қаласында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісін бастауға арналған ресми іс-шара өтті. Ауқымды киножобаның іске қосылуы Қазақстанның халықаралық киноиндустриядағы беделін арттыратын маңызды мәдени оқиға ретінде бағалануда.
Салтанатты жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ отандық және шетелдік кино саласының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Аида Балаева танымал актер Джеки Чанға Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып келе жатқан үлесі үшін алғыс білдірді.
– Қазақстан мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға және екі ел арасындағы шығармашылық байланысты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық жетістіктер тілейміз, – деді министр.
Кездесу аясында Джеки Чан Алматының жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – болашақ кинематографистермен жүздесті. Әлемдік кино жұлдызы жастармен шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, өнер жолында үздіксіз ізденудің, еңбектің және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Жас өнерпаздар актерге өз қолдарымен салған портреттерін сыйға тартып, естелік сәттермен бөлісті. Ал іс-шара соңында қатысушылар дәстүрлі түсірілім тақтайшасын пайдаланып, кино өндірісінің ресми басталғанын білдіретін символдық рәсім өткізді.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильм өндірісіне қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары қатысады. Фильм түсірілімдері 2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық кинорежиссер Роберт Кун. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстары аумағында орналасады.
Халықаралық жоба Қазақстанның табиғи ландшафттарын, мәдени ерекшеліктерін және заманауи инфрақұрылымын әлемдік көрерменге танытуға мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, мұндай ірі киножобалардың ел аумағында жүзеге асуы киноиндустрияның дамуына ғана емес, туризм саласының ілгерілеуіне де оң әсер етеді. Сонымен қатар фильм өндірісі отандық мамандардың тәжірибе жинақтауына, халықаралық кино нарығымен байланыстарды кеңейтуге және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі түсірілім алаңы ретінде танытуға жол ашады.
Джеки Чан қатысатын бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы шығармашылық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін көрсетіп, елдің мәдени және туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналмақ.