Астықты Железин ауданының диқандары биылғы күзгі жиын-терім жұмыстарын түйіндеді. Ауданда барлығы 204,9 мың гектар алқапқа дән себілген. Бұл егістік көлемі өткен жылғыдан 2,4 мың гектарға артық.
Оның ішінде 136,5 мың гектарға дәнді дақыл, 41,4 мың гектарға майлы дақылдар, 25 мың гектарға мал азығы егілген. 2 мың гектарға картоп пен көкөніс тұқымы салынған. Майлы дақыл дәні себілген алқап көлемі биыл 21,7 пайызға ұлғайтылыпты.
Аудан әкімі Айтуған Шайхимовтің айтуынша, жиын-терім толық аяқталған. Диқандар 164,1 мың тонна астық жинаған. Орташа өнімділік гектарынан 12 центнерді көрсетіп отыр. Былтырғы қуаңшылық кезіндегі көрсеткіштен 75 пайызға жоғары. 133,1 мың тонна майлы дақыл алыныпты. Мұндағы шығымдылық гектарына орта есеппен 8 центнерден айналған. Железиндіктер 61,3 мың тонна картоп жинаған. Гектарынан 322 центнерден шығыпты. Одан бөлек, 3 мың тонна көкөніс жиналған.
Жиын-терім жұмыстарына бір мыңға жуық техника тартылған. Биыл 10,4 миллиард теңгеге аудан шаруалары 206 техника сатып алыпты. Оның он сегізі – астық жинайтын комбайн.
Ауданда тәулігіне 6 мың тонна астық кептіруге қауқарлы 14 жабдық жұмыс істейді. Оның төртеуі биыл іске қосылған көрінеді. Сонымен қатар, жалпы сыйымдылығы 52 мың тонна болатын 11 көкөніс қоймасы бар. Мұнда 28 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбіз сақтауға салынған.
Аудан әкімі шаруалардың жүйелі жұмысы, мемлекеттік қолдау мен техникалардың жаңартылуы егін ору науқанын уақытылы аяқтауға мүмкіндік бергенін айтты.