Бюджет кірісі межеден асыра орындалды

0 4

Шиелі ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. Бұл туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Баспасөз мәслихатында ауданның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сараланып, бюджет орындалуы мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар таныстырылды.

Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бері өңір экономикасының негізгі салаларында оң серпін сақталып, бюджеттің кіріс бөлігі межеден жоғары орындалған. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр.

Биылғы жылдың бүгінгі күнгі жағдайы бойынша аудан бюджеті несиелерді қоса есептегенде 16 миллиард 10 миллион 506 мың теңгеге дейін нақтыланған. Бұл бастапқы жоспармен салыстырғанда 5 миллиард 716 миллион 230 мың теңгеге артық. Бюджет көлемінің ұлғаюы ауданның қаржылық мүмкіндігінің кеңейіп, мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік бастамаларды іске асыруға қосымша ресурс қалыптасқанын көрсетеді.

Жылдың алғашқы алты айында аудан бюджетінің кіріс жоспары толық орындалды. 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін кірістер жоспары 6 миллиард 602 миллион теңге болып бекітіліп, 100 пайыз орындалған.

Ауданның өз кірістері бойынша да оң нәтиже байқалады. Жыл басында бұл көрсеткіш 7,5 миллиард теңге көлемінде жоспарланған болатын. Ал жартыжылдық қорытындысында жоспарланған 3 миллиард 767 миллион теңгенің орнына бюджетке 4 миллиард 180 миллион теңге түсті. Нәтижесінде жоспар 110,9 пайызға орындалып, қазынаға қосымша 412 миллион 513 мың теңге кіріс түсті.

Бюджет шығыстары да толық көлемде игерілген. 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жоспарланған 6 миллиард 602 миллион 835 мың теңге толықтай мақсатты бағыттарға жұмсалып, игеру көрсеткіші 100 пайызды құрады.

Брифинг барысында ауданның қаржылық әлеуетінің соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанына ерекше назар аударылды. Егер 2023 жылы ауданның өз кірісі 5,3 миллиард теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,4 миллиард теңгеге, ал 2025 жылы 7,7 миллиард теңгеге жеткен. Осылайша, үш жылдың ішінде ауданның өз кірістері 2,2 миллиард теңгеге ұлғайып, өсім 41 пайызды құрады.

Айтбай Жандарбековтің айтуынша, бюджет кірісінің артуы ең алдымен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Атап айтқанда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын дамыту, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда салықтық түсімдерді көбейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы жұмыс топтары құрылып, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, салық базасын кеңейту және кәсіпкерлік субъектілерінің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынған.

Аудан басшысы бұл жұмыстардың барлығы өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, жергілікті бюджеттің дербестігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы кезеңде де инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Жалпы, жартыжылдық қорытындысы Шиелі ауданында бюджеттік жоспарлаудың тиімділігі артып, қаржының мақсатты әрі нәтижелі игеріліп жатқанын көрсетті. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды одан әрі жалғастыруға негіз болады.