Биыл Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасы басталады

0 13

Жыл басынан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін қор Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық жобаларды іске асырумен айналысады.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасын бастауды жоспарлап отыр. Министр Нұржан Нұржігітов Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 миллион текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізді. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қырғызстаннан елімізге Шу өзені арқылы 180 миллион текше метр және Талас өзенімен 380 миллион текше метр су жіберу жөнінде мәмілеге келді.

Жыл басынан министрлік Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Оның ішінде Ертіс, Іле, Емел сияқты ірі трансшекаралық өзендер  де бар. Бүгінде тараптар су бөлу мәселесі бойынша келісімнің бірқатар баптары бойынша ортақ шешімге келді. Қазақстан мен Өзбекстан қос мемлекет тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін су есептейтін қондырғыларды орнату жөнінде уағдаласты. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстан аумағында су есептейтін құрал орнатса, өзбек тарапы біздің елде өз қондырғыларын қояды.

Бұдан бөлек министрлік «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасын әзірлеп жатыр.

Биыл еліміз Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияға қосылды. Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын әділ бөлінуін қамтамасыз ететін және оны пайдалануды реттейтін халықаралық құжат болып табылады.