Биыл 2,8 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

0 15

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2800 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1131,1 мың этникалық қазақ оралды. 

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,6%) Қытайдан, 31,9% –Өзбекстаннан, 6,8% – Түрікменстаннан, 6,5%  – Моңғолиядан, 3,9% – Ресейден  және 1,3% басқа елдерден. Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы жоғары білімді, 21,3%-ының орта кәсіптік білімі бар, 55,3%-ы жалпы орта білімді және 6,5%-ының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 607 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

Жыл басынан бері 144 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 143 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылуда. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 6203 өтініш қабылданды.