Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында бір мезетте 50 сәбидің тұсауы қатар кесіліп, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Наурызнаманың мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде ұйырдастырылған іс-шараға қала қонақтарымен бірге облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, бүлдіршіндерді алғаш басқан қадамымен құттықтады.
Сәбилердің тұсауын аймақтағы ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және ақпарат саласының белді қайраткерлері, танымал спортшылар, білікті дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер тағы басқа да беделді азаматтар кесті.
Тұсаукесер рәсімінде «КИнЭС» рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков бұл ауқымды іс-шара елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, облыстық қоғамдық даму басқармасына арнайы сертификатпен бірге Қазақстанның рекордтар кітабының соңғы шығарылымын сыйға тартты.
– Мен 50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы фактінің Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін растайтын арнайы сертификат табыстадым. Бүлдіршіндердің жолы қашан да ашық болсын! Жалпы, тұсаукесер – баланың өмірдегі жолы жеңіл және жарқын болуы үшін атқарылатын рәсім. Ұлтымызда тұсауы кесілген кішкентай бала тез аяққа тұрып, үлкен өмірге нық қадам жасайды деп ырымдалады, – деді рекордтарды тіркеу департаментінің басшысы.