Қазақстанда 40 мың адам электрондық тіркеу арқылы қайтыс болғаннан кейін донор болуға тіркелгенмен, соның 15 пайызы ғана бұған нақты келіскен. Жалпы мәйіттің ағзасын алу туралы заңның қолдау табуы қазіргі таңда қоғамда түрлі пікір тудыруда. Жақында ғана елімізде қайтыс болған бір азаматтың туыстары мәйіттік донорлыққа рұқсат беріп, соның арқасында Астана трансплантологтары үш науқастың өмірін аман алып қалды.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Астана қаласының “Кардиохирургия” орталығының трансплантологтары, кардиохирургтары, анестезиологтары мен мейіргерлерінен құралған жоғары білікті дәрігерлер тобы санавиация борты арқылы Павлодар облысына барды. Бас ми ауруынан көз жұмған марқұмның туыстары оның мәйіттік донор болуына келісім берген. Соның арқасында елдің әр түкпірінен келген үш пациентке елордалық трансплантологтар бір ағза донорының екі бүйрегі мен жүрегін ауыстырып салды.
Осы аралықта Астана қаласында күту парағында тұрған, бағдарлама арқылы іріктелген реципиенттер қосымша талдау тапсыру үшін шақырылды. Медициналық зерттеп-қарау жұмыстарынан соң және комиссияның шешімі бойынша 26 жастағы реципиент анықталды. Ол бүйректің “V терминалды” сатысы диагнозымен 6 жыл бойы гемодиализде болған. Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында дәрігерлер ересек пациентке кадаверлік бүйректі транспланттау отасын сәтті жүргізді. Реципиент палатаға ауыстырылды, бүгінде оның жағдайы жақсы. Бүйрек толық жұмыс істеп тұр. Екінші бүйрек Астанадағы “Ана мен бала” орталығында балаға салынды. Үшінші ағза – жүректі транспланттау “Кардиохирургия” орталығында жүргізілді.
– Біздің орталықта жыл басынан бері 11 наурызға дейін 16 бүйрек трансплантациясы жасалды. Соның ішінде 4-еуі мәйіттік донордан алынса, 12-сі – туыстық бүйрек трансплантациясы. Одан бөлек, 1 мәйіттік және 1 туыстық бауыр трансплантациясын жасадық. Ал 6 наурызда Павлодар облыстық “кардиохирургия” орталығында бас ми өлімі тіркелген донор анықталды, оның туысқандары ағза алуға рұқсат берді. Трансплантация үйлестіру орталығы және санавиациямен бірлесе отырып, бір бригада сол жаққа ұшып барып, ол жақта ағза алу отасын жасады. Екінші бригада біздің Астанадағы орталықта мұқтаж науқастарды толық тексеруден өткізіп, отаға дайындады. Жалпы оталар сәтті өтті, бүгінде ағза салынған науқастардың жағдайы жақсы, – дейді Астана трансплантациялау орталығы ағза транспланттау секторының меңгерушісі, дәрігер онколог, уролог, хирург Мэлс Асықбаев.
Елімізде бүгінде ағзасын ауыстыруға болады деген 4 мыңға жуық адам бар. Мұқтаж жандардың ішінде 70 пайызы бүйрекке зәру. Негізінде, бір мәйіт бес адамның өмірін құтқарады. Егер қайтыс болған адамның ағзаларына зақым келмесе, онда оның жүрегі, өкпесі, бүйрегі, бауыры, тіпті көзінің мөлдір қабығы алынады. Заң бойынша көп елде дәрігерлер рұқсатсыз жарамды ағзаны ала береді. Алайда, қайтыс болған адамдардың барлығы донор бола алмайды. Тірі кезінде созылмалы ауруы болған адамның ағзасы жарамсыз келеді. Адам өлгеннен кейін жүрекке 2 сағат ішінде, бауыр мен бүйрекке 12 сағат ішінде трансплантация жасау керек. Мысалы, қайтыс болған адам ағзасы 10 адамға жарауы мүмкін. Мұндайда донор орналасқан қалаға жақын адам шақырылып, ота жасалады. Ота неғұрлым тез әрі сәтті жасалса, ағзаның жұмыс істеу функциясы жақсырақ болады.