Жұмыс берушілердің заң алдындағы жауапкершілігі, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері және өндірістегі қауіпсіздік талаптары Ақмола облысында өткен комиссия отырысында жан-жақты қаралды. Басқосуда өңірдегі әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды азайту, қайғылы жағдайлардың алдын алу және еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар сараланды.
Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жетекшілік еткен жиынға мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестердің өкілдері қатысты. Қатысушылардың назарындағы негізгі мәселелердің бірі – әлеуметтік төлемдер бойынша қалыптасқан берешек болды. Жыл басынан бері облыстағы берешек көлемі 90,4 миллион теңгеге азайып, 812,9 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің төмендегеніне қарамастан, кейбір аумақтарда жағдай күрделенген. Атап айтқанда, Қосшы қаласы мен Ақкөл, Аршалы және Бұланды аудандарында берешектің өсуі байқалған. Осыған байланысты комиссия мүшелері қарыздардың пайда болу себептерін анықтау және оларды өтеу жолдарын қарастырды.
Жиында жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді төмендету мәселесі де маңызды орын алды. Теміржол кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы талқыланып, Көкшетауда салынып жатқан көпсалалы облыстық аурухана құрылысындағы қауіпсіздік шаралары туралы бейнематериал ұсынылды.
Өндірістегі қайғылы оқиғаларға байланысты Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев баяндама жасады. Ол биыл жазда «Capital Projects LTD» кәсіпорнында және «Қазахалтын» серіктестігінің Бестөбе кентіндегі өндірісінде болған адам өліміне әкелген жазатайым оқиғалардың мән-жайын таныстырды. Кәсіпорын өкілдері оқиғалардың себептері мен олардың алдын алу бағытында қабылданған шаралар жөнінде түсініктеме берді.
Бұдан бөлек, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі ақпарат пен міндетті зейнетақы жарналары туралы деректердің сәйкес келмеуі мәселесі көтерілді. Қызметкерлерді өндірістік жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру талаптарының орындалуы да талқылау нысанына айналды.
Еңбек қатынастарының дұрыс рәсімделуі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы жұмысшылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан мұндай мәселелерді дер кезінде анықтап, заң аясында шешу мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің ортақ міндеті болып қала береді.
Отырыс соңында әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті одан әрі азайту, кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру және еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейту жөнінде міндеттер белгіленді. Қабылданған шаралардың нәтижесі өңірдегі еңбек қатынастарының тұрақтылығы мен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне тікелей әсер етпек.