Атырау облысы Әділет департаменті мен облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Атырау қаласында «Ата Заң – Әділет – Заң мен Тәртіп» атты зияткерлік-танымдық QUIZ сайысы өтті. Бұл сайыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған басым бағыттарды және 2025–2030 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – қоғамда заң үстемдігі қағидатын орнықтыру, Конституцияның мәні мен маңызын кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын нығайту. Білім сайысына Атырау облысы Әділет департаментінің қызметкерлері, облыстық Адвокаттар алқасы, Нотариаттық палатасы, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және Сот сараптамалары институтының өкілдерінен құралған бес команда, барлығы 25 қатысушы қатысты.
Сайыс барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы, қолданыстағы заңнама, мемлекеттік құқықтық саясат пен құқықтық реформаларға қатысты білімдерін ортаға салып, логикалық және танымдық тапсырмаларды орындады. Зияткерлік дода заң саласы мамандарының кәсіби даярлығын ғана емес, құқықтық ойлау қабілеті мен жан-жақты білімін де сынға салды.
Мұндай тағылымды іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, заң саласы мамандарының өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби байланысын нығайтуға жол ашады. Ең бастысы, Ата Заңның қоғам өміріндегі орны мен заң үстемдігінің маңызын дәріптеу арқылы әділетті қоғам құру идеясын орнықтыруға қызмет етеді.
Заңға құрмет пен құқыққа адалдық – құқықтық мемлекеттің берік іргетасы. Сондықтан осындай зияткерлік бастамалардың қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудағы мәні мен маңызы ерекше.