Адам баласы – өз өмірінің шебері. Оны қаншалықты өрнектегісі келсе, соншалықты еңбек етуі керек. Осындай ұстаныммен қолына құрал-сайманын алып, кәсібін бастаған жандардың бірі – Жарасқан Әлімжан.
Жарасқан Құрманбекұлы Қордай ауылының тумасы. Қазақ Ұлттық аграрлық университетін «биолог-аңшылықтану» мамандығы бойынша бітірген ол 2020 жылға дейін Көгадыр ауылындағы алтын шығаратын кен орнында жұмыс істеген. Әлемді жайлаған пандемияның кесірінен кен орнындағы жұмыс тоқтап, Жарасқан Әлімжан табыс көзінен айырылады. Дәл осы кезең оның өмірін өзгертіп, маңызды шешім қабылдауына ықпал еткен шақ болды. Жұмыссыз қалған уақытта өзінің нағыз қызығушылығын қайта қарап, нақыштамамен айналысуға бел буды. Бұл шешім оның болашақтағы кәсіби жолының бастауы еді.
– Несиеге «фрезерлеу» станогын сатып алдым. Алғашында ағаштан табақ, астау, шежіре сияқты бұйымдар жасай бастадым. Дегенмен, бірінші сатып алған станогым сапасы жағынан нашарлау болғандықтан, ойымдағыдай бұйымдарды жасау мүмкін болмады. Станокпен жұмыс істеуді «YouTube» платформасы арқылы үйрендім, сол жерде заманауи лазерлі станоктармен жұмыс істеудің қыр-сырымен де таныса бастадым, – дейді кәсіпкер.
Ал, 2024 жылдың маусымында Жарасқан Құрманбекұлы мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, бизнес жобасын сәтті қорғап шығып, жаңа лазерлі станок алады. Бұл станоктың жұмыс аймағы үлкен, сондықтан фанерадан шежіре, тойбастар, қобдиша, киіз үй секілді сувенир бұйымдарды жасай бастады. Жаңа құралды іске қосқаннан бері үлкен тапсырыстар түсе қоймаса да, ағаштан түйін түйген кәсіпкердің бұйымдарын тұрғындар бір-бірінен естіп, сатып алуда.
Сұқбат барысында шебердің өз жұмысын шын көңілмен жақсы көретіні айқын сезілді. Әрбір бұйымын ерекше ықыласпен жасайтынын, әр тапсырысты орындау барысында оған жанын салып, тек сапалы әрі қайталанбас туынды жасауға тырысатынын байқауға болады. Оның айтуынша, гравировка – тек кәсіп емес, шығармашылық еркіндік пен шабыттың көзі.
– Ағаштан жасалған бұйымдар, жалпы ағашпен жұмыс істеу өзіме қатты ұнайды. Әзірге кішігірім заттар жасаудамын. Болашақта ағаштан қазағымыздың қара домбырасын жасағым келеді, сонымен қатар бірнеше қабатты үйлерге арналған әдемі баспалдақтар жасап көргім келеді, – дейді шебер.
Жарасқан Құрманбекұлы қазіргі уақытта үйінің бір бөлмесін кішігірім цехқа айналдырып отыр. Алайда, ол осымен тоқтап қалмақ емес. Келешекте кәсібін кеңейтіп, үлкен цех ашуды, «фрезерлеу» станоктарының бірнеше данасын сатып алып, үлкен көлемде тапсырыстар орындауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосуды мақсат етеді.
Төрт баланың әкесі Жарасқан Әлімжан кәсіп бастаудан қорықпауға және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалануға шақырады. Оның айтуынша, бастамашыл адамдарға арналған мүмкіндіктер көп, бастысы сенімділікпен қадам жасап, берілген қолдауды дұрыс бағытта пайдалана білу керек. Қандай қиындықтар кездессе де, табандылық пен еңбек өз нәтижесін береді деп сенеді.