Ақмола облысында биылғы егін жинау науқаны қарқын алып, дала жұмыстары күн сайын жанданып келеді. Тамыз айының ортасында басталған орақ науқаны бүгінде өңірдің бірқатар ауданында жоспарлы түрде жалғасуда. 25 тамыздағы мәлімет бойынша, облыстағы 4,5 млн гектар дәнді дақылдар алқабының 1,6 млн гектары орылып, орташа өнімділік гектарына 12,3 центнерді құрады. Осы уақытқа дейін 2 млн тоннадан астам астық бастырылып үлгерді.
Егін жинау қарқыны жөнінен Зеренді, Бурабай, Сандықтау және Бұланды аудандары көш бастап келеді. Бұл аудандарда техника алқаптарға дер кезінде шығарылып, піскен астықты ысырапсыз жинауға басымдық берілуде. Дегенмен мамандар мен шаруалардың айтуынша, қазіргі көрсеткіштер бойынша биылғы егіннің түпкілікті нәтижесін бағалауға әлі ерте. Өйткені дәнді дақылдардың үштен бірі ғана жиналып, негізгі жұмыс көлемі алда тұр.
Жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданындағы «Намыс» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралап, науқанның барысымен танысты. Шаруашылықтағы егіннің жай-күйі өңірдегі жалпы ахуалдың оң екенін аңғартады. Мұнда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 28 центнерге жетіп отыр. Бұған қоса, жиналған астықтағы клейковина мөлшері 28 пайызды құрайды. Бұл – өнімнің сапасы жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Өңір басшысы шаруашылықтағы астықтың сапасына назар аударып, алайда бүкіл өңір бойынша нақты қорытынды жасауға асықпау қажеттігін атап өтті. Себебі алда әлі талай алқаптың астығын жинау керек. Қалған егістіктің жағдайы, ауа райы және орақ жұмыстарының ұйымдастырылуы түпкілікті нәтижеге тікелей әсер етеді. «Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграршыларға қомақты қолдау көрсетілді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша мыңнан астам шаруашылық несие алды. Сонымен қатар жеңілдетілген дизель отыны мен минералды тыңайтқыштар бөлінді. Осы шаралардың, заманауи технологияларды қолданудың, ғылыми тәсілдің және аграршылардың еңбегінің арқасында ауа райы әрдайым қолайлы бола бермегеніне қарамастан, жақсы өнім алып отырмыз», – деді Марат Ахметжанов.
Шаруалардың биылғы егінге үміті де жоғары. Оған егіс алқаптарындағы өнімділік пен жиналған астықтың сапасы негіз болып отыр. Алайда дала төсіндегі еңбек үшін болжамнан бұрын нақты нәтиже маңызды. Сондықтан қазіргі таңда басты назар – орақты уақытылы аяқтап, піскен астықты шашпай-төкпей қамбаға түсіруге аударылған.
«Намыс» шаруа қожалығында жиырма жылдан бері механизатор болып еңбек етіп келе жатқан Манарбек Байманов та биылғы көрсеткіштерге оң бағасын берді. Оның айтуынша, кейбір алқаптарда өнімділік өткен жылмен салыстырғанда жоғары. «Өткен жылмен салыстырғанда кейбір алқаптарда өнімділік көрсеткіші тіпті жоғары. Биылғы өнімнің сапасы да жақсы. Егер ауа райы қолайлы болса, егін жинау жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – дейді тәжірибелі механизатор.
Қазір облыс көлемінде егін жинау жұмыстарына 14 мыңнан астам ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн бар. Мұндай ауқымды техникалық күш егісті қысқа мерзімде жинап алуға мүмкіндік береді. Дегенмен техниканың көп болуының өзі жеткіліксіз. Оның үздіксіз жұмыс істеуі, қосалқы бөлшектермен қамтылуы, жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі және ауа райына қарай жұмыс кестесінің дұрыс құрылуы да маңызды.
Бұл бағытта да қажетті шаралар алдын ала қолға алынған. Күзгі дала жұмыстары кезеңінде ақмолалық аграршыларға 81 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шаруашылықтар 350 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сатып алып, оның басым бөлігін егістікке енгізіп үлгерді. Аталған жұмыстар өнімділікті арттырумен қатар, биылғы егіннің сапалы болуына да ықпал етіп отыр.
Жиналған астықты қабылдау және сақтау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазірдің өзінде элеваторларға 500 мың тоннадан астам астық жөнелтілген. Оның шамамен жартысының сапалық көрсеткіштері жоғары, яғни Hi-Pro санатына жатады. Бұл – Ақмола өңірінің астық өндірудегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсететін көрсеткіш. Сапалы бидайдың үлесінің жоғары болуы шаруалардың еңбегінің нәтижесін ғана емес, агротехнология талаптарының сақталғанын да аңғартады.
Ақмола облысы еліміздің астықты өңірлерінің бірі ретінде жыл сайын егін жинау науқанына ерекше дайындықпен келеді. Биыл да шаруалар көктемгі дала жұмыстарынан бастап егіс алқаптарын күтіп-баптауға, қажетті тыңайтқыштарды енгізуге және техниканы дайындауға мән берді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен шаруалардың тәжірибесі ұштасып, қазіргі таңда алғашқы нәтижелерін беріп отыр.
Соған қарамастан, даладағы жағдай күн сайын өзгеруі мүмкін. Алқаптардың басым бөлігі әлі орылмағандықтан, шаруалар ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалануға тырысуда. Әсіресе астық толық пісіп тұрған кезеңде уақытты жоғалтпай, орақты жеделдету маңызды. Себебі бірнеше күнге созылған жауын немесе қолайсыз ауа райы егін жинау мерзіміне әсер етуі мүмкін.
Бүгінде облыстағы негізгі міндет – қалыптасқан қарқынды сақтау. Аграршылар техника мен адам күшін тиімді үйлестіріп, піскен алқаптарды кезекпен жинауға кірісті. Қолайлы күндердің әр сағаты есептеулі. Диқандар үшін қазір басты көрсеткіш – гектар санын көбейту ғана емес, жиналған астықтың сапасын сақтап қалу.
Алдағы күндері орақ жұмыстары одан әрі қыза түспек. Егер ауа райы қолайлы болса, шаруашылықтар егін жинауды қыркүйек айында толық аяқтауды жоспарлап отыр. Сол кезде ғана биылғы жылдың нақты нәтижесі сараланып, облыстың астық қоржынына қанша өнім түскені белгілі болады.
Әзірге Ақмола даласындағы көрініс көңілге сенім ұялатады. Егістікте комбайндар тынымсыз жұмыс істеп, астық тасымалдаған көліктер элеваторларға ағылуда. Қара жердің ырысын жинаған дала еңбеккерлері үшін қазір ең бастысы – қалыптасқан қарқынды бәсеңдетпей, маңдай термен өсірілген өнімді шашау шығармай жинап алу. Өйткені ауыл шаруашылығында бір жылдың еңбегі бірнеше аптаның нәтижесімен өлшенетін жауапты кезең дәл осы егін орағы кезінде айқындалады.