Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен өткен жылы Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасын жүзеге асыру қолға алынған болатын. Бірінші кезеңде Реновация бағдарламасы аясында апатты жағдайдағы көппәтерлі үйлердің тұрғындарын көшіру қарастырылған.
Қала әкімі аталған бағдарлама аясында Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы алты отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Пәтерлер «Green City» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қала тұрғындарын қоныстойларымен құттықтаған қала басшысы бұл шаралар қаланың көркейіп, тұрғындардың жағдайын жақсартудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Айта кету керек, тозығы жеткен тұрғын үй иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Тұрғын үй дайын күйінде беріледі. Осылайша, өткен жылы қолға алынған шағынауданды жаңғырту тұжырымдамасы тұрғын үй қорын жаңартудың заңды жалғасы болды. Нәтижесінде 14 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты.
Еске салайық, Көксай шағынауданын дамыту тұжырымдамасы аясында аумақты кезең-кезеңімен абаттандыру, сондай-ақ аудан әкімдігінің ғимараттары мен басқа да бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу жоспарланған.