Сыр өңірінде әлеуметтік салаға барынша қолдау көрсетіліп келеді.Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Арал ауданындағы «Келешек мектептері» жобасымен салынған білім ошағының жабдықталуына жоғары баға берді.
Ұлттық жоба аясында салынған 300 орынды №292 орта мектебі заманауи талаптарға сай жабдықталған, кең әрі жарық сыныптарымен, пәндік-зертханалық кабинеттерімен ерекшеленеді. Физика, химия және биология кабинеттері тәжірибелік жұмыстар жүргізуге арналған арнайы құрал-жабдықтармен, заманауи зертханалық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Информатика кабинеттерінде жаңа үлгідегі компьютерлер, интерактивті тақта және жоғары жылдамдықты интернет желісі қолжетімді.
Сондай-ақ Қайрат Нұртай көпбейінді аудандық аурухана жанындағы 25 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, «Қамқорлық» оңалту орталығына да барып, ондағы жұмыс барысын бақылады. Атап өтерлігі ғимарат 289 миллион теңгеге қайта жаңғыртылған. «Қазақстан халқына» қоры қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Орталықта балаларға мамандандырылған оңалту қызметтері көрсетіледі, сумен емдеу, шунгит, сенсорлық, интерактивті және тұзды шахта бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, емдік дене шынықтыру, механотерапия және ойын залдары бар, логопед, дефектолог, психолог мамандар қызмет көрсетеді.
Сапар барысында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі де назардан тыс қалмады. Айта кетейік, өткен жылы Арал қаласында осы санаттағы 60 отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілген болатын.
Жұмыс сапарының соңында Қайрат Нұртай аудан активімен, сала мамандарымен кездесіп, өңірде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.