Әкемнің «көкшолағы» әлемді шарлады

0 9

Сексен жасқа таяндым, осы ғұмырымда көп нәрсені көрдік. Ал енді трио туралы әңгіме қозғағанда оның бастауында атақты әншіміз, композитор Алтынбек Қоразбаев тұрғанын еске сала кетейін. Рас, бұған дейін домбырамен жеке орындаушылар да, жұптасып айтушылар да болды. Елді елең еткізген үш жігіт-үш әншінің бірігіп айтуы ғажап бір үндестік тапты. Бұрын қазақ өнерінде кездеспеген бұл үштікті ел-жұрт «трио» атап кетті. Әкемнің «Көкшолағын» жеке домбырашылар бұрыннан айтып келді. Алайда, «Көкшолақтың» бағын ашқан да, ел ішінде ерекше танымал еткен де трионың үш жігіті. Әнді әрлеп, үш аспап-домбыра, сырнай және шертер үніне үйлестіріп, шырқауы қандай!

Осы трионың жарты ғасыр ғұмыр сүруіне ерекше үлес қосқан, ұзақ жылдар бойы ән салып келе жатқан Асылхан Шүңіреков «Паспортымыз – Көкшолақ» дейді. Қазақ елінің қай қиырына бармасын, «О, Көкшолақ келді» деп құшағын жая қарсы алады екен ел. Бұл әкемнің ана замандағы байлардың қызына қалжыңдап шығарған әніне, оны музыкалық техниканың жетістігімен әрлеп, әсерлеп үш аспаптың үніне салып шебер орындап келе жатқан біздің Жамбылдың өнерпаз жігіттеріне деген құрметі шығар. Кейіннен әкемнің «Бастауын», тағы басқа әндерін репертуарына енгізді. Әрине, «Көкшолақты» басқа да әндерді былайда айтуға болады, алайда оған ұлттық рең, нақыш беріп, үш аспаптың үнін қосып шырқау трионың жігіттерінің ғана қолынан келді.

Құдай-ау, құрылғаны күні кеше ғана сияқты еді, бүгінде «Тараз» триосы 50-ге келді дей ме? Тарих өлшемімен алып қарағанда, жарты ғасыр қас-қағым сәт шығар, ал адам ғұмырымен есептесеңіз, сонша аз емес. «Жамбылдан Алтынбек Қоразбаев, Алтынбек Бекмұратов және Мұхтар Рахманқұлов деген үш жігіт үш домбырамен  ән шырқайтын «үштік» құрыпты. Үшеуі сахнаға шыға келгенде залда отырған көрерменнің делебесі қозып, әнші жігіттерге қосылып, қай әнді болмасын, шырқай жөнелетін көрінеді» деген сөз Қордайдың да даласына тарап жатқаны күні кеше ғана сияқты еді. Қайран уақыт, сенде бір сәтте тоқтау жоқ-ау. Ол кезде 27 жастағы қылшылдаған жас екенбіз.

Бір ғажабы, осы жарты ғасырда о баста асқақтаған «Алатау» ансамблінің атын қоса иеленген, бүгінде тарихи да, шежірелі қаланың атын алған «Тараз» триосы әлемнің қай қиырына бармады, қазақтың қай даласында ән салмады! Триомен бірге әкем жарықтықтың «Көкшолағы» да дүниенің төрт бұрышын шарлады.

Трионың қазіргі құрамында ән салатын өнерпаз жігіттерді де жақсы білемін. Былтыр Асылханның үйінде қонақта да болдым. Алтынбектердің дара жолын үзіп алмай, жалғастырып келе жатқан өнерпаз інілеріме ризамын. Біздер, үлкендер ғана емес, жастар да бұл жігіттердің әніне тәнті. Концерттік бағдарламалары мен түрлі мәдени іс-шаралардан бөлек, қазақтың той-думанында үш әнші тойшыл қауымның алдына шыға келгенде азан-қазан болып отырған жұрт сілтідей тына қалып, ән аяқталғанда дүр сілкініп, құрмет, қошамет дегеніңіз жауып жатады. «Қазақта әу демейтін әнші жоқ» десек те трионың өнерінің жөні де, жолы да бөлек. Қыз ұзату, тұсау кесер, басқа да той-думанда әнші жігіттер ең бастысы, қандай ән салса да ұлттық ерекшеліктерге мән береді.  Эстрада «жұлдыздары» деп әспеттеп шақыратын, фонограммамен ән салып, той иесінің пәлен долларын қағып алатын әншілерге қарағанда, трио өнерпаздары орындаған қандай ән болмасын, той қонақтарының көңілін көтеріп, той-кештердің ажарын ашып, базарын тасытады. Үш өнерпаздың Астанаға немеремнің тұсау кесер тойына шақырғанда той қонақтарының алдында ән салғандағы әсерінен әлі күнге арыла алмай жүрмін. Үш жігіттің үлкені – Асылханның өзі Пайғамбар жасына биыл толды. Қайда әлі, құдіреті күшті бір Алла, үшеуінде Кенен әкемнің жасына жеткізсін! Трионың 100 жылдығын тойлауға жазсын!