Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бизнес өкілдерімен кездесті. Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан жиында аймақ басшысы бизнесті қорғау, инвесторлар мүддесін сақтау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайларына тоқталды.
– Өткен жылы өңірімізде 37 миллиард теңгенің 21 жобасы іске қосылды. Маңызды әрі ірі жобаның бірі ретінде құны 20 миллиард 900 миллион теңгені құрайтын «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалын атап өтуіміз қажет. Қазіргі таңда әуежайдың қызмет көрсету салаларын дамыту, сенімгерлік басқаруға беру үшін вьетнамдық «Совико Групп» компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар, шыны зауытының ішінен 5 миллион шаршы метр энергия үнемдейтін шыны шығару желісі, тамақ өнеркәсібінде 5 жоба, логистика саласында бір жоба қосылды. Аталған жобалар құрылысынан бастап іске қосылғанға дейін «қолмен басқару» режимінде сүйемелденді, туындаған мәселелері дер кезінде шешілді.
Республикалық инвестициялар тарту кеңесінде цемент зауытының санитариялық-қорғаныш аймағы, салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығының қосылған құн салығы, шыны зауытының тауарлық газ бағасын төмендету мәселелері шешімін тапты. Өңірімізге инвестиция тарту мақсатында Корея, Италия, Испания, Қытай елдеріне жасаған жұмыс сапарларымыз алғашқы жемісін беруде. Сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Кореяның СеулТех университетінің еліміздегі алғашқы Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.
Үкімет басшысымен бірге испаниялық «Roca Group» компаниясының басшылығымен кездесіп, алдағы жоспарларды талқыладық. Испандық инвестормен санитарлық бұйымдар өндіру зауытын салу жобасы пысықталуда. Қытай Халық Республикаcымен 10 миллиард 800 миллион теңгенің 9 келісіміне қол қойылды. Алдағы уақытта келісімдердің нәтижесі көріне бастайды.
Президентіміздің Катар еліне жасалған жұмыс сапары аясында өңірімізде 800 миллиард теңгеге қуаттылығы 1100 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жобаны орналастыру үшін 280 гектар жер телімі резервке алынды. Оның 100 гектарына газ-электр стансасы салынады, қалған аумақ перспективалық жобаларды жүзеге асыру үшін белгіленген.
Инвестициялық жобалардың мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастыратын өңірлік штаб менің төрағалыммен тұрақты жұмыс жасауда. Одан бөлек, Өңірлік үйлестіру кеңесінде жер телімдері мен инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жеткізуге қатысты шешімдер қабылданды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, аймақтағы инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді, олардың мәселелерін шешуді, шағын және орта кәсіпкерлік үшін бизнес-ахуалды жақсартуды әрі қарай жүйелі түрде жалғастыратын боламыз, – деді Н.Нәлібаев.
Соңғы үш жылда кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін 16700 жобаға әртүрлі қаржы көздерінен 206 миллиард теңге тартылды. Оның 40 миллиард 931 миллион теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапты. Биыл 29 миллиард теңгеге кәсіпкерліктің 4800 жобасы қаржыландырылды. Бұл кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 21 пайызға жеткізеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 748 жоба жүзеге асты, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 815 жоба ашу көзделуде. Агробизнес өкілдері шағын өндіріс орталықтарын құруға басымдық берген. Шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз етуде.
Жиын соңында кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салып, әртүрлі мәселелер талқыланды.