Өңірде қоғамдық көлік жаңаруда

0 1

Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және қалалар мен аудандардағы көлік қатынасын жетілдіру – Жетісу облысында қолға алынған маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта өңірдегі автобус парктерін жаңарту жұмыстары жалғасып, биыл қоғамдық көлік жүйесіне 33 жаңа автобус қосылды. Заманауи көліктер тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетіп, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Жаңадан сатып алынған автобустар өңірдің төрт аумағына бөлінген. Атап айтқанда, Талдықорған қаласына 19, Текеліге 4, Ескелді ауданына 8 және Қаратал ауданына 2 автобус жеткізілді. Көліктер лизинг негізінде алынып, тұрақты бағыттар бойынша қызмет көрсетуге бағытталған.

Облыс орталығындағы жаңарту жұмыстарының алғашқы нәтижесі де байқала бастады. Талдықорғанға жеткізілген отандық өндірістегі «Falcon Eurobus» маркалы 19 автобус қазіргі уақытта №5 және №13 бағыттарда қатынап жүр. Оның жетеуі бір бағытқа, қалған 12-сі екінші бағытқа бекітілген. Осылайша, қала көшелерінде жолаушыларға қызмет көрсететін жаңа үлгідегі көліктердің қатары көбейді.

Жаңа автобустардың техникалық мүмкіндіктері мен жабдықталуы да назар аудартады. Ұзындығы 12 метр болатын әр көлік 70 жолаушыны тасымалдауға есептелген. Оның 30-ына отыратын орын қарастырылған. Салон ішінде кондиционер, аялдамаларды хабарлайтын дыбыстық және визуалды жүйелер орнатылған. Ал төмен еденді құрылымы мен арнайы пандустары егде жастағы адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және балалар арбасымен жүретін ата-аналарға қолайлы жағдай туғызады.

Көліктердің экологиялық тиімділігі де жоғары. Электр қуатымен жүретін автобустар толық зарядталған жағдайда 250 шақырымға дейін жол жүре алады. Қозғалыс кезінде зиянды қалдықтар шығармайтын мұндай көліктер қалалық ауаның ластануын азайтуға үлес қосады. Бұл – қоғамдық көлік жүйесін жаңартумен қатар, экологиялық таза технологияларды енгізуге жасалған қадам.

Жаңарған автобустарды пайдаланған қала тұрғындары да өзгерісті оң қабылдауда. Олардың айтуынша, салонның кеңдігі, тазалығы және жайлылығы күнделікті жол жүруді әлдеқайда ыңғайлы еткен. Әсіресе бұрынғы көліктермен салыстырғанда жаңа автобустардың заманауи жабдықтары жолаушыларға қолайлы жағдай ұсынады.

Сонымен бірге Талдықорған қаласында маршруттық желіні жетілдіру мәселесі де қатар жүргізілуде. Басты міндет – қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін оңтайландырып, аялдамалардағы күту уақытын қысқарту. Сондай-ақ қарбалас уақытта автобустардағы жолаушылар санын реттеп, бағыттардың өткізу мүмкіндігін арттыру көзделген.

Қазір Талдықорғанда 27 қалалық бағыт жұмыс істейді. Оларға 200-ден астам автобус тартылған. Алдағы 2–3 жылда қаладағы автобус паркін толық жаңарту жоспарда бар. Бұл жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы қоғамдық көлік қызметіндегі ескірген көліктердің үлесін азайтып, тасымал сапасын жақсартуға жол ашады.

Айта кету керек, автобус паркін жаңарту тек облыс орталығымен шектелмейді. Текелі қаласы мен аудандарда да жаңа көліктерді бағыттарға қосу арқылы жолаушылар тасымалын жақсарту көзделген. Нәтижесінде тұрғындар үшін қауіпсіз, қолжетімді әрі заманауи қоғамдық көлік қызметін қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Жалпы, Жетісудағы бұл бастама өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды жұмыстардың бірі саналады. Қоғамдық көліктің сапасы артқан сайын тұрғындардың жеке көлікке тәуелділігі де азайып, қала ішіндегі қатынас жүйесі біртіндеп жақсара түспек.