Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың бірі – Шардара ауданындағы «Қазкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгеріні терең өңдеу зауыты. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің байланысын нығайтып, отандық өнім өндірісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы өндірістік қуат қалыптасты.
Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп кешені алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін бастапқы шикізат күйінде өткізумен шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар тауарлар шығару. Шардарада бой көтерген зауыт осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі деуге болады. Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған. Өндірістік үдерістің ерекшелігі – жүгерінің 98 пайызына дейін өңделіп, шикізаттың басым бөлігін тиімді пайдалануға мүмкіндік берілуінде. Осылайша, өндіріс қалдықтарын барынша азайтуға негізделген технологиялық жүйе енгізілген.
Зауыт жұмысының алғашқы кезеңінде модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және өзге де өнімдер өндіріледі. Ал кәсіпорын жобалық қуатына толық шыққан кезде өнім түрлерінің саны 28 атауға дейін жеткізілмек. Оның ішінде мальтодекстрин, меласса, түрлі сироптар және өнеркәсіптің бірнеше саласында қолданылатын басқа да терең өңделген өнімдер бар.
Аталған өнімдерге азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика, мал азығын өндіру және басқа да өндіріс бағыттарында сұраныс бар. Сондықтан жаңа кәсіпорынның жұмысы тек ауыл шаруашылығы саласына ғана емес, өзге де өндірістік бағыттардың дамуына оң ықпал етуі мүмкін. Ең бастысы, бұрын шикізат ретінде пайдаланылған жүгеріден бірнеше түрлі тауар өндіруге жол ашылады. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Өндірістің тұрақты жұмыс істеуі үшін шикізат жеткізу мәселесі де алдын ала қарастырылған. Осы мақсатта Түркістан облысында жүгері егісінің көлемін кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын, соның ішінде тамшылатып суару жүйелерін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бастаманың өңір үшін маңызы ерекше. Себебі су ресурстары шектеулі жағдайда ауыл шаруашылығы дақылдарын тиімді орналастыру және суару тәсілдерін жетілдіру өзекті мәселеге айналып отыр. Жүгері дақылының күрішпен салыстырғанда суды аз қажет етуі де оны өңірдің аграрлық құрылымын әртараптандыруда перспективалы дақылдардың біріне айналдырады. Демек, зауыттың іске қосылуы шаруаларға өнім өткізу нарығын қалыптастырып қана қоймай, егін шаруашылығындағы жаңа бағыттардың дамуына да серпін береді.
Жаңа өндіріс орнының ашылуына орай Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елімізде астықты терең өңдеу саласын дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан дәстүрлі түрде астық өндіретін және экспорттайтын ірі мемлекеттердің қатарында. Соңғы үш жылда елімізде жыл сайын 24 миллион тоннадан астам дәнді дақыл жиналған. Мұндай өндірістік әлеует ішкі сұранысты өтеумен қатар, ауыл шаруашылығы шикізатын ел ішінде өңдеу көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.
«Біздің міндетіміз – астықты шикізат ретінде экспорттаумен шектеліп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамыту. Бүгінде Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 510 мың тонна астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдейтін Fufeng Group кешенінің бірінші кезегі іске қосылды. Бұдан басқа, төрт ірі инвестициялық жоба пысықталуда және іске асырылуда – екеуі Ақмола облысында және бірі Қостанай, бірі Астанада. Жаңа өндірістік қуаттар ел ішінде астық шикізатын жылына 5,8 миллион тоннаға дейін терең өңдеуді қамтамасыз етеді. Бұл қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейтуге және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Серік Жұманғарин.
Жалпы, елімізде астықты терең өңдеу саласына инвестиция тарту агроөнеркәсіп кешенін әртараптандырудың маңызды бағытына айналып келеді. Бұған дейін негізінен астықты шикізат түрінде экспорттауға басымдық берілсе, қазір оны дайын өнеркәсіптік өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін өндіріс орын.