Қайтарылған жерлерге 60 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылмақ

0 1

Алматы облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану және бос жатқан алқаптарды экономикалық айналымға қосу бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге өтті. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер енді ауыл шаруашылығын дамытуға ғана емес, ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға да негіз болмақ.

2022 жылдан бері өңірде белгіленген мақсатына сай пайдаланылмаған 563,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Бұл – жер ресурстарын тиімді басқару және оларды нақты қажеттілікке қарай қайта бөлу бағытындағы ауқымды жұмыстың нәтижесі.

Жер қорын толықтырумен қатар, қайтарылған алқаптарды игеру мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Бүгінде жер қоры есебіндегі аумақтарды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы айналымына 585,2 мың гектар жер енгізілген. Соның 240,4 мың гектары шаруашылықтарға үлестірілді. Оның ішінде 9,8 мың гектары егістікке, 230,6 мың гектары жайылымға арналған. Сонымен бірге 291,7 мың гектар жер ауыл тұрғындарының мал жаюына берілсе, 53,1 мың гектар инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Жерді экономикалық айналымға енгізудің тағы бір маңызды нәтижесі – жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндігі. Осы мақсатта облыста өнеркәсіп, аграрлық сектор, логистика, қайта өңдеу және туризм салаларын қамтитын бес инвестициялық жоба әзірленген. Жалпы құны 60,2 миллиард теңгені құрайтын бастамалар толық жүзеге асқан жағдайда өңірде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы Қонаев қаласында қолға алынбақ. Мұнда 35,2 миллиард теңгеге ірімшік өндіретін зауыт салу көзделген. Кәсіпорын іске қосылғанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал Алатау қаласында 11,7 миллиард теңге инвестиция есебінен икемді қаптама шығаратын өндіріс орны ашылмақ. Бұл кәсіпорында 120 жұмыс орны құрылады.

Өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған тағы бір бастама Іле ауданында жүзеге асады. Мұнда 7 миллиард теңгеге өндірістік-логистикалық кешен салу жоспарланған. Еңбекшіқазақ ауданында 5 миллиард теңгелік базальт мақтасын өндіретін зауыт бой көтеріп, 100-ге дейін адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қонаев қаласында 1,3 миллиард теңгеге «Alatau Eco Resort» демалыс аймағын салу жоспарланған. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Алматы облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, жер ресурстарының мақсатты пайдаланылуын бақылау жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл ретте заманауи цифрлық құралдардың мүмкіндіктері кеңінен қолданылып келеді.

«Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторинг пен «JerInSpectr» платформасы қолданылады. Ғарыштан алынған деректер алдымен аудандық және қалалық әкімдіктерге жіберіліп, сол жерде тексеріледі. Жердің пайдаланылмағаны расталған жағдайда жер пайдаланушыларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріледі. Талаптар орындалмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен жерді қайтару мәселесі қаралады», – деді ол.

Осылайша, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмысы жер қорын реттеумен шектелмей, жаңа өндірістер ашуға, инвестиция тартуға және өңір тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруға жол ашып отыр. Негізгі мақсат – әрбір гектар жердің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін тиімді пайдалану.