Түркістан облысында жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту, импортқа тәуелділікті азайту және отандық тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биылғы он айда өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 трилллион теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8 пайызға өскен.
Отандық өндірісті дамыту мәселесі ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды. Жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы баяндады.
Бүгінде Түркістан облысында өнеркәсіп саласын экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналдыруға басымдық беріліп отыр. Әсіресе тамақ өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарлар шығару бағыттарында жаңа кәсіпорындар ашылып, қолданыстағы өндіріс орындарының қуаты артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 763,6 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 33,4 пайызға ұлғайған.
Өндірісті өркендетуде индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктердің үлесі зор. Қазіргі таңда облыста 5 өнеркәсіптік экономикалық және 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аумақтарда жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 142 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құрылысы қолға алынған 275 өндірістік ғимараттың 164-і пайдалануға беріліп, 107 жоба іске қосылған. Мұндай тәсіл кәсіпкерлерге дайын ғимарат ұсынып, өндірісті бастауға кететін уақыт пен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Өңірде жергілікті азық-түлік өндірушілердің де нарықтағы орнын нығайтуға көңіл бөлінген. Әлеуметтік мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету кезінде отандық өнімдерге басымдық беріліп, мердігерлер мен өндірушілер арасында меморандумдар жасалған. Қазір әлеуметтік нысандарға жеткізілетін азық-түліктегі жергілікті өнімдердің үлесі 29,5 пайызды құрайды. Ал сауда базарлары мен 70 ірі супермаркетпен жасалған келісімдерге сәйкес, сауда сөрелеріндегі отандық азық-түліктің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізу көзделген.
Импортты алмастыру да өңірлік экономиканы дамытудың маңызды бағытына айналып отыр. Жүргізілген талдау нәтижесінде жергілікті шикізатты пайдалана отырып, 153,8 миллион АҚШ долларына бағаланатын тауар түрлерін облыстың өзінде өндіру мүмкіндігі анықталған. Оның қатарында ауыл шаруашылығы техникасы, азық-түлік, сусындар, тоқыма бұйымдары және алюминий өнімдері бар.
Бұл бағытта жалпы құны 179,2 миллиард теңге болатын 49 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазір тағы 574,8 миллиард теңгенің 46 жобасы жүзеге асу үстінде. Жаңа өндірістердің қатарында жүгеріні терең өңдеу, тоқыма бұйымдарын, құрылыс материалдарын, тұрмыстық жабдықтар мен қаптама өнімдерін шығару бағыттары бар.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мемлекеттік сатып алуда жергілікті өнімдерге сұраныс қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Жалпы, Түркістан облысындағы өндірістік жобалардың көбеюі өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпорындардың ішкі нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Алдағы уақытта қолға алынған инвестициялық бастамалардың нәтижелі жүзеге асуы отандық өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етпек.