Ауылда ауқымды қос өндірістік жоба жүзеге асырылды

0 4

Үржар ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс орындары іске қосылып, ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашылуда. Атап айтқанда Үржар ауылындағы «Сұңқар» ЖШС жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Өндіріс орындарының жұмысымен облыс әкімі Берік Уәли танысты.

Кәсіпорын басшысы Ақиқат Кәрімұлының бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі – күнбағыс майын өндіретін зауыт. Жаңа өндіріс орны жұмысын бастап, тәулігіне 500 тоннаға дейін шикізат өңдеуге қауқарлы екенін көрсетті. Кәсіпорын толық өндірістік қуатында күніне 230 тоннаға дейін күнбағыс майын және 250–270 тонна күнжара шығаруды көздейді. Мұнда қазірдің өзінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өңірдің аграрлық саласы үшін маңызды екінші жоба – ұн өндіру зауыты. Құны 650 млн теңге болатын нысан іске қосылуға дайын. Өндіріс орны тәулігіне 60 тоннаға дейін ұн өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын жұмысын бастағаннан кейін тағы 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Аталған жобалар ауыл шаруашылығы шикізатын жергілікті жерде өңдеуге, дайын өнім көлемін арттыруға және ауданның өндірістік әлеуетін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауыл экономикасына инвестиция тартуға ықпал етпек.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан Берік Уәли отандық өндірісті дамыту мен кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтті. Облыс әкімі мұндай жобалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге де мүмкіндік беретінін жеткізді. Әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.

Сондай-ақ аймақ басшысы күнбағыс өнімдерін сатып алу кезінде жергілікті шаруалардың мүддесін ескеріп, баға саясатын қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, өндіріс пен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өзара тиімді ынтымақтастығы саланың тұрақты дамуына негіз болуы тиіс.

Үржардағы қос өндіріс орнының іске қосылуы ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Алдағы уақытта кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімді пайдалану жергілікті шикізаттың құнын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының өсуіне серпін беруі мүмкін.