Талғар ауданындағы Түзусай ауылында 29 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Қоныстой иелерінің қатарында көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасылар және асыраушысынан айырылған тұрғындар бар. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілегін жеткізді.
Баспана кілттерін табыстау рәсімі әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылар үшін ерекше қуанышқа ұласты. Жаңа үйге қол жеткізген тұрғындарды құттықтаған аймақ басшысы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Шыңғыс Әріновтің айтуынша, Алматы облысында халық санының өсуі тұрғын үйге деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін тұрғын үй қорын көбейтіп, кезекте тұрған отбасыларды қолдау жұмыстары жалғаса береді. Әкім өз үйінің болуы әр отбасының тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімін нығайтатынын жеткізді.
Талғар ауданында тұрғын үйге сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта ауданда 7,5 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұр. Соңғы екі жылда мұнда 459 пәтер сатып алынған. Оның 275-і тұрғындарға үлестірілді. Бүгінгі 29 отбасының қоныстойы осы бағыттағы жұмыстардың кезекті нәтижесі болды.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған Зиягүл Ержанова. Оның отбасы тұрғын үй кезегіне 2015 жылы тіркелген. Арада 11 жыл өткен соң, көптен күткен арманы орындалып, екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Зиягүл Ержанова жаңа үйдің сапасы мен жайлылығына көңілі толатынын айтты. Кең терезелерден жарық түсетін бөлмелер мен тауға қарайтын көрініс отбасының қуанышын еселей түскен. Сонымен қатар қоныстой иесіне тұрмыста қажет электр пеші мен теледидар сыйға тартылды. «Он бір жыл күткен баспанамызға бүгін қол жеткіздік. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Жаңа үйіміздің сапасы да, орналасуы да көңілімізден шықты. Қуанышымызға ортақтасып, қолдау көрсеткен барша азаматқа алғыс айтамын», – деді ол.