Қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты сақтау, этносаралық қатынастар саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру – тұрақты қоғамдық дамудың маңызды шарттарының бірі. Осы бағыттағы мәселелер Астанадағы Достық үйінде өткен арнайы семинарда кеңінен қарастырылды.
«Мемлекеттік этносаясат және этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері» тақырыбындағы басқосуға ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен сала мамандары қатысты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық Даму Қауымдастығы ұйымдастырған іс-шара қатысушылардың кәсіби білімін толықтыруға және күнделікті жұмысында қолданатын әдістерін жетілдіруге бағытталды.
Семинарды жүргізген Қазақстандық Даму Қауымдастығының атқарушы директоры Анар Битебаева «Бірлік. Заң. Қоғам» республикалық бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып, этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруды көздейді.
Кездесу барысында этносаралық келіспеушіліктердің туындау себептері мен олардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Құрылтай депутаты Наталья Рамазанова «Этносаралық текетірес: қайшылықтардан қақтығыстарға дейін» тақырыбында баяндама жасап, қатысушыларға осы бағыттағы өзекті мәселелерді ұсынды.
Ал гуманитарлық ғылымдар магистрі, дінтанушы әрі мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастар жөніндегі сарапшы Әли Үкенов этносаралық жанжалдардың табиғатына тоқталды. Ол ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысында жағдайды дұрыс бағалау, ықтимал қайшылықтарды ерте анықтау және олардың ушығуына жол бермеу қағидаларының маңызын түсіндірді.
Мамандардың пікірінше, этносаралық қатынастар саласындағы жұмыс тек түсіндіру шараларын өткізумен шектелмейді. Ол қоғамдағы ахуалды тұрақты бақылауды, азаматтармен ашық диалог орнатуды және туындаған мәселелерге сауатты әрекет етуді талап етеді. Сондықтан сала қызметкерлеріне жаңа тәсілдерді меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіру маңызды.
Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Мұндай кәсіби кездесулер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, қоғамдық келісім қағидаттарын ілгерілетуге және этносаралық қатынастар саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.