Қызылордада Қала күні тұрғындар үшін ерекше тартумен жалғасты. Мерекеге орай сол жағалауда бой көтерген екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа пәтерлердің кілті иелеріне тапсырылды. Жалпы саны 168 пәтерді құрайтын баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың игілігіне берілді.
Қуанышты сәтке арналған салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтайының депутаттары Серік Қожаниязов пен Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, қоғам және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында өңір басшысы Қызылорданың тарихи тамыры тереңде жатқанын айтып, бүгінгі қаланың келбеті жаңа құрылыстар мен ауқымды жобалардың арқасында өзгеріп келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру – аймақтың басты бағыттарының бірі.
– Меншікті үй – тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! – деді Мұрат Ергешбаев жаңа қоныс иелеріне ақ тілегін арнап.
Жиын барысында тұрғын үйлердің құрылысын сапалы атқаруға үлес қосқан мердігер мекеме құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар ҚР Құрылтайының депутаты Серік Салауатұлы мен қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы құттықтау сөз сөйлеп, баспаналы болған отбасыларға ізгі тілектерін білдірді.
Соңғы жылдары Қызылорданың сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңынан заманауи тұрғын ауданға айналып келеді. Қазір мұнда 25 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Ауданда 136 көпқабатты үй, 20 әлеуметтік және 13 ірі бизнес нысаны орналасқан. Бұдан бөлек, тағы 48 нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Жалпы, соңғы төрт жылда облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін тағы 1 950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Сол жағалаудың дамуы тұрғын үй құрылысымен ғана шектелмейді. Жақында шағын ауданның көлік қатынасын жақсарту үшін Иса Тоқтыбаев көшесінен өтетін төрт жолақты автомобиль көпірінің құрылысы басталды. Жоба көлік қозғалысын реттеп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Мерекелік күні табысталған пәтерлер жаңа қоныс иелеріне тың мүмкіндіктер ашса, қолға алынған құрылыс жобалары қаланың келешектегі дамуына серпін бермек.