Қостанай облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету бағытындағы инфрақұрылым дамып келеді. Осы мақсатта өңірде жаңа оңалту орталығы жұмысын бастады. Бұрынғы өңірлік резиденцияның орнына орналасқан мекеме 60 орынға есептелген және жылына 900 балаға дейін қабылдай алады.
Орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 1 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат балалардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған заманауи оңалту жабдықтарын алуға жұмсалды.
Жуырда қордың басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева Қостанай облысына сапары аясында аталған мекемеде болды. Өңір басшысымен бірге орталықтың жұмыс барысын бағамдап, балаларға арналған арнайы кабинеттерді аралады. Сонымен қатар орталық аумағында бой көтеріп жатқан спорттық инфрақұрылым нысандарын көрді.
Жоспарға сәйкес, аумақта футбол алаңы, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы спорт аймағы және әртүрлі жастағы балалардың қажеттілігіне сай ойын алаңдары салынып жатыр. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге шағын сәулет нысандары орнатылған ойын кеңістігі қарастырылса, мектеп оқушыларына арналған алаң тренажерлармен жабдықталады.
Айта кетейік, бүгінде Қостанай облысында 29,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның шамамен 4 мыңы – балалар. Өңірдегі 41 ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ал 2026 жылдың басынан бері 1 337 бала осындай қолдауға ие болған.
Оңалту орталығының қызметі мен жаңа спорт алаңдары балалардың физикалық мүмкіндіктерін дамытуға, күнделікті өмірге бейімделуіне және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған.