Семейде арнайы аяқ киім өндірісі іске қосылды

0 0

Семейдегі өндіріс орындарының қатары тағы бір жаңа кәсіпорынмен толықты. «Техноавиа – Қазақстан» компаниясы қалада арнайы аяқ киім шығаратын фабриканы іске қосты. Жаңа өндіріс орны кәсіпорынның жергілікті өндірістік қуатын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Жаңа фабриканың ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли мен «Техноавиа – Қазақстан» ЖШС бас директоры Жанат Әміренов қатысты.

Компания Семейде 2023 жылдан бері арнайы киім өндірісімен айналысып келеді. Фабрикада өнеркәсіп орындарына арналған арнайы және корпоративтік киімдер, медицина саласының мамандарына қажетті киімдер тігіледі. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты – 160 мың бұйым. Былтыр мұнда 135 171 өнім өндіріліп, оның 85 пайызы шетел нарығына жөнелтілген. Қазіргі таңда тігін өндірісінде 152 адам еңбек етеді.

Енді өндіріс тізбегіне арнайы аяқ киім жасау бағыты қосылды. Жаңа фабрикада 30-дан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорын алдағы кезеңде өндірістік алаңдарды кеңейтіп, жаңа технологиялық жабдықтар орнатуды және штат санын ұлғайтуды көздейді.

Жаңа өндірістің іске қосылуымен қатар, өнімді өткізу мәселесіне де басымдық берілмек. Осы мақсатта компания Семейде тұтынушыларға тауарды тікелей ұсынатын фирмалық дүкен ашты. Бұл жергілікті кәсіпорындарға қажетті арнайы киімді өндірушінің өзінен сатып алуға мүмкіндік береді.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі өндірістердің тұрақты жұмыс істеуі үшін жергілікті кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, отандық өнімге ішкі нарықтан тұрақты сұраныс қалыптастыру – өндірісті дамытудың маңызды шарттарының бірі. «Өзімізде сапалы өнім өндіріліп тұрғанда, оны сырттан сатып алуға ұмтылу дұрыс емес. Кәсіпорындар бір-бірін қолдап, жергілікті тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуы қажет», – деді Берік Уәли.

Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде компания өңірдегі алты ірі кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттар «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «QAZAQ-ASTYQ GROUP», «Eurasia Agro Semey», «Эйкос», «KondiZ distribution» және «Силикат» компанияларымен жасалды.

«Техноавиа – Қазақстан» бас директоры Жанат Әміренов арнайы аяқ киім өндірісінің Қазақстандағы компанияның алғашқы филиалы Семейде ашылып отырғанын атап өтті. Ол өңірде өндірісті одан әрі дамытуға қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын білдірді.

Кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру өңірдегі инвестициялық белсенділіктің өсуімен қатар жүріп отыр. Соңғы бір жарым жылда Абай облысындағы инвестициялық жобалар саны 29-дан 144-ке дейін көбейген. Олардың жалпы құны 5,4 трлн теңгеге жетті. Биыл өңірде құны 129,2 млрд теңге болатын 38 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар 3230 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде 34,6 млрд теңгенің 14 жобасы жүзеге асып, 598 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Семейдегі арнайы аяқ киім өндірісінің іске қосылуы – осы инвестициялық жобалардың нақты нәтижелерінің бірі.