Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге қандай өзгеріс әкелді?

0 3

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінің талаптары аудандағы кәсіпкерлерге түсіндірілді. «Руханият» орталығында өткен кездесуде салық салу жүйесіндегі өзгерістер, әкімшілендірудің жаңа тетіктері және кәсіпкерлікке берілетін мүмкіндіктер талқыланды.

Жаңа талаптарды түсіндіруге арналған жиын аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Басқосуға аудандық және облыстық мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жүргізді. Ол жаңа Кодекстің қабылдануы салық жүйесін жетілдірумен қатар, кәсіпкерлердің міндеттері мен жауапкершілігін нақтылауды талап ететінін атап өтті.

Жаңа Салық кодексіндегі басты бағыттардың бірі – салықтық әкімшілендіруді жетілдіру. Сонымен бірге кәсіпкерлік субъектілеріне түсетін жүктемені оңтайландыру және салық жүйесін тиімді ету көзделген. Сондықтан өзгерістердің мазмұнын дұрыс түсіну кәсіпкерлер үшін ғана емес, жергілікті бюджет кірістерін қалыптастыру тұрғысынан да маңызды.

Ауданның өз кірістеріне қатысты көрсеткіштерде де оң динамика қалыптасып келеді. 2026 жылға бекітілген ауданның өз кірістері 2025 жылғы жоспармен салыстырғанда 34,3 пайызға жоғары. Бұл көрсеткіш жергілікті кіріс көздерін арттыру және бюджет түсімдерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады.

Жиынға арнайы келген Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов кәсіпкерлер үшін қарастырылған жеңілдіктерге тоқталып, салықтық әкімшілендіру саласындағы жаңашылдықтарды түсіндірді.

Ал облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова жаңа Салық кодексінің жекелеген нормаларына қатысты толық ақпарат берді. Мамандар кәсіпкерлерді жаңа талаптармен таныстырып қана қоймай, оларды іс жүзінде қолдану тәртібіне де назар аударды.

Кәсіпкерлер үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені заңнамадағы өзгерістерді дер кезінде білу салықтық міндеттемелерді дұрыс орындауға, қателіктерге жол бермеуге және туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Басқосу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты мәселелер бойынша мамандардан жауап алды. Сондай-ақ пікірлер мен ұсыныстар айтылып, салық салу жүйесіне қатысты өзекті мәселелер ортаға салынды.

Жиын соңында Диас Молдабаев жаңа талаптарды түсініп, оларды күнделікті кәсіпкерлік қызметте дұрыс қолданудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, салықтық міндеттемелерді уақытылы әрі сапалы орындау – кәсіпкердің заң алдындағы жауапкершілігі ғана емес, аудан бюджетінің тұрақты қалыптасуына қосылатын үлес.

Жаңа Салық кодексінің талаптарын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл ретте басты міндет – кәсіпкерлерге қажетті ақпаратты уақтылы жеткізіп, салық жүйесіндегі өзгерістерді тиімді жүзеге асыруға жағдай жасау.