Мұхит табанындағы борлы үстірт

0 4

Жеті қат жер астындағы «қара алтынымен», су айдынындағы балығымен танылған Атырау өңірінде туристерді елең еткізетін тарихи мекендер көп емес. Айталық, табиғат тылсымынан сыр ұққығысы келген жандар Ақкерегешың аталатын орынға жиі барады.

«Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,

Экраннан Эверестке үздігер,

Обаны адыр, адырларды төбе деп,

Төбелерді тау деседі біздің ел», деп ән әлемінде өзгеше иірімімен ерекшеленген Табылды Досымов жырлағандай, атыраулықтарға Ақкерегешыңның атауы да, өзі де заңғар биіктен кем емес. Өйткені сағым қуалаған сары далада бұл мекен ұшар шыңын қар басқан Алатаудай айбарланып көрінеді. Ал жанына жақындағанда ғана ақ борлы жота екені аңғарылады.

Жергілікті өлкетанушы Нұрдәулет Ақназаровтың пікірінше, бұл өңірде Ақтолағай, Ақұшан, Ақкерегешың аталатын үстірт бар. Мұның бәрі –  мезозой дәуіріндегі бор кезеңіне тән жоталар.

– Ақкерегешың аталып жүрген жота маңы бұрын Досы деген кісінің төрт түлігіне жайлы өріс болған. Менің де балалық шағым осы маңда өтті. Осы үстіртке таяу маңда мал жайдым. Бірнеше жыл бұрын Құлсарыға келген шетелдік зерттеушілермен кездестім. Олар ертеректе шығарылған ескі картаны көрсетті. Сол картада жергілікті тұрғындар «Досының ағы» дейтін мекеннің атауы Ақкерегешың деп жазылыпты. Демек, ежелден бұл үстірттің атауы нақтыланған. Бірақ өзге тілді геологтер мен зерттеушілер сол атауды Ақкегершін деп атап кеткен, – дейді Н.Ақназаров.

Жылыой аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаровтың айтуынша, бұрын бұл мекеннің бірнеше атауы болған. Оның бірі – Борлы үстірт. Жергілікті жұртшылық арасында «Досының ағы» деген атауы да бар. Ал үшіншісі – Ақкегершін.

Алайда кейінгі жылдары Ақкерегешың атауымен танымал бола бастады. Ақ борлы үстірт Жылыой ауданының аумағында орналасқан. Оған жету үшін Атырау шаһарынан шамамен 300, Құлсары қаласынан 54 шақырым жол жүру қажет. Үстірттің ұзындығы шамамен – 8, ені – 1,5 шақырым.

– Борлы үстірттің атауын реттеуге байланысты зерттеу жүргізілді. Содан соң Ақкерегешың атауы қалыптасты. Мұндай тоқтамға келуге бір ғана себеп бар. Бұл – көне топографиялық картаға аталған мекеннің Ақкерегешың атауымен енгізілгені. Қазіргі жаңа технология – дронмен түсірілген бейне таспадан ақ борлы жоталардың кереге секілді бір-бірімен байланысқанын байқауға болады. Бірнеше миллион жыл бұрын дәл осы аумақта ежелгі Тетис мұхитының толқыны буырқанып жатқан. Мұхит суы тартылған соң осындай ақ борлы үстірт қалған. Үстірттің туристер арасында танымал болғанына көп жыл өткен жоқ. Табиғаттың ғажайып көрінісіне таңданушылар еліміздің әр өңірінен, тіпті шетелден де келеді. Әсіресе, мамыр, маусым айларында көбейеді. Ақкерегешыңға бір күнде 50-ден астам адам келгеніне куә болдым. Демек, бұл орын туристерді қызықтырады, – дейді Ж.Науаров.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Ақкерегешыңға көлікпен жету қиындық тудыратын еді. Қазір аталған мекенге дейін асфальт жол салыныпты. Алайда туристер демалатын орын мен санитарлық торап қажет-ақ.

– Ақкерегешың туралы естігеніме он жылдан асты. Жеті-сегіз жыл бұрын баруға жолға шығып, жете алмап едім. Себеп – жолдың жоқтығы. Енді асфальт жол салынғанын естіп, жақында арнайы бардым. Борлы үстірттің қайталанбайтын көрінісі таңғалдырды. Құдды қолмен қашағандай екен. Бірақ бұл – табиғаттың ғажап тылсымы, – дейді жергілікті тұрғын Нұрлан Тәжіғалиұлы.