Братиславада грек-рим күресінен өткен U20 әлем чемпионатында алтын медаль иеленген қазақстандық балуан Қазыбек Қалмағамбетовке жаңа Škoda Superb автокөлігі табысталды.
19 жастағы спортшы 67 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, финалда қарсыласын 13:7 есебімен жеңген. Осылайша ол аталған жас санатындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен алтын алған алғашқы қазақстандық балуан атанды.
Чемпионға автокөлікті отандық Allur компаниясы спорттағы тарихи жетістігіне орай сыйға тартты. Қазыбекке Škoda Superb көлігінің жоғары жабдықталған Laurin & Klement нұсқасы берілді. Автокөлік 190 ат күші бар қозғалтқышпен жабдықталған.
Қазақстандағы Škoda дистрибуциясының басшысы Андрей Тананыкин жас балуанды жеңісімен құттықтап, оның табандылығы мен еңбекқорлығын атап өтті. «Күрес – мінездің, рух мықтылығының және табандылықтың көрінісі. Осы қасиеттердің барлығын қазақстандық спортшының бойынан көру қуантады. Қазыбекке алдағы уақытта да жаңа жеңістер тілейміз», – деді ол.
Компания өкілдерінің айтуынша, спортшыларды қолдау – ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген азаматтарға құрмет көрсетудің бір жолы. Қазыбек Қалмағамбетовтің жетістігі отандық спорттағы жас буын үшін де үлкен мотивация болмақ.