Қазақстандық студенттер робототехникадан халықаралық жүлдені жеңіп алды

0 3

Қазақстандық студенттер халықаралық робототехника додасында ел намысын абыроймен қорғады. Гонконгта өткен ABU Robocon 2026 чемпионатында Назарбаев Университетінің BULAN командасы арнайы Mabuchi Motor Award жүлдесін жеңіп алды.

Әлемнің 21 елінен университет командалары қатысқан жарыста студенттер роботтың техникалық мүмкіндігін, механикалық құрылымын, электрондық жүйелері мен бағдарламалық қамтамасыз етуінің үйлесімділігін көрсетті. Қазақстандық команда осы талаптарды сәтті орындап, халықаралық сарапшылардың назарын аударды.

Қазақстан ABU Robocon чемпионатына жеті жылдық үзілістен кейін қайта қатысты. Ел құрамасын іріктеу жұмысын USTEM Foundation ұйымдастырып, ұлттық кезең 1 шілдеде Almaty Tech Cup аясында өтті. Нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен BULAN командасы Қазақстан атынан халықаралық жарысқа жолдама алды.

Команда құрамында механика, электроника, бағдарламалау, дизайн және жобаларды басқару бағыттарында білім алып жүрген 28 студент бар. Халықаралық кезеңде Қазақстан намысын Мейіржан Таздарбай, Темірлан Амангелді, Аймедет Тауфик, Фаршед Иброхимов және Дастан Мусрепов қорғады.

Mabuchi Motor Award – роботтың сыртқы көрінісінен гөрі инженерлік шешімдерінің сапасына берілетін арнайы марапат. Жүлде механикалық құрылымның тиімділігіне және роботтың механикалық, электрондық әрі бағдарламалық жүйелерінің біртұтас жұмыс істеуіне қарай табысталады.

BULAN командасының жетістігі Қазақстандағы жас инженерлердің техникалық әлеуетін көрсетіп, отандық робототехниканың халықаралық аренаға қайта оралғанын дәлелдеді. Бұл нәтиже болашақта жаңа студенттік командалардың құрылуына және робототехника саласының дамуына серпін беруі мүмкін.