Семейлік жас роботшылар Бейжіңде күміс жүлде еншіледі

0 1

Семейлік оқушылардың робототехника саласындағы кезекті жетістігі ел мерейін үстем етті. 13–16 маусым аралығында Қытайдың Бейжің қаласында өткен «2026 FIRST® LEGO® League Asia Open Championship» халықаралық чемпионатында Семей қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің «SBIL•LION•AIRES» командасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

Төрт күнге созылған халықаралық чемпионатқа әлемнің 25 елінен 375 команда қатысып, 3500-ге жуық оқушы өзара бақ сынады. Қазақстанның атынан да жиырмаға жуық команда қатысып, еліміздің бірнеше өңірінің намысын қорғады. Олардың қатарында Астана мен Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Абай облыстарының жас роботшылары болды.

Бәсекесі жоғары халықаралық додада қазақстандық оқушылар өздерінің техникалық дайындығын, инженерлік ойлау қабілетін және командалық жұмыс шеберлігін көрсетті. Соның ішінде семейлік «SBIL•LION•AIRES» командасы жоғары нәтиже көрсетіп, чемпионаттың күміс жүлдесін еншіледі.

Бұл – команданың халықаралық аренадағы алғашқы жетістігі емес. «SBIL•LION•AIRES» командасы 2024 жылы Sapa Semey Alumni түлектер қауымдастығының қолдауымен құрылған. Жас роботшылар бұған дейін Сингапурда өткен халықаралық жарыста да жүлделі екінші орыннан көрінген. Яғни семейлік оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығы уақыт өте келе нақты нәтижеге ұласқан.

Команда мүшесі Нұрсұлтан Оразалин Бейжіңдегі жарыстың олар үшін маңызды тәжірибе болғанын атап өтті. «Биылғы чемпионатта өте сәтті өнер көрсеттік. Бұған дейінгі жарыстарда жинаған тәжірибеміз командалық жұмысымызды жетілдіріп, өзара түсіністігімізді нығайтуға көмектесті. Бейжіңдегі сайыста бірлескен жұмыстың арқасында жүлделі екінші орынға қол жеткіздік», – дейді Нұрсұлтан.

Робототехника – тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар логикалық ойлау, шығармашылық ізденіс, мәселені жылдам шешу және топпен жұмыс істеу қабілетін талап ететін бағыт. Сондықтан халықаралық чемпионаттағы мұндай жетістік оқушылардың бірнеше жыл бойы жинаған білімі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі деуге негіз бар.

Семейлік жасөспірімдердің Бейжің төрінде топ жаруы – Абай облысында техникалық және инженерлік бағыттағы білімге қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістіктердің бірі. Жас роботшылардың халықаралық тәжірибесі алдағы уақытта жаңа жобаларға жол ашып, өңірдегі оқушылардың ғылым мен технология саласына деген ынтасын арттыра түсері сөзсіз.

Бейжіңдегі күміс жүлде – «SBIL•LION•AIRES» командасы үшін кезекті белес қана емес, отандық жас роботшылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін танытқан толымды табыс. Семейлік оқушылардың бұл жетістігі білім мен ізденістің, табандылық пен командалық еңбектің нәтижесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.