Өндіріс пен ұлттық құндылықты қатар дамытуда

0 1

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдырып, атадан балаға жалғасқан өнерді жаңғыртып отырған әулет бар. Өркен Сәйдібекұлы басқаратын «Шеру» шеберханасында қазақтың дәстүрлі ағаш ыдыстары жасалады. Отбасылық кәсіп бүгінде ішкі нарықпен қатар, Қытай мен Моңғолияға да өнім экспорттап отыр.

Бұл істің негізін Өркеннің әкесі Сәйдібек 2008 жылы қалаған. Тарихи Отанына оралған ол ұлттық қолөнерді дамытуды қолға алып, 2011 жылы «Шеру» цехын ашқан. Алғашқы кезде шағын ғана шеберханада санаулы станокпен жұмыс істеген отбасы уақыт өте келе өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсібін жаңа деңгейге көтерді.

Бүгінде бұл іске әулеттің бірнеше мүшесі жұмылған. Сәйдібек пен Күлсия, Өркеннің жары Күлина, ағасы Ершат және шеберхана ұжымы бірлесе еңбек етеді. Қазір цехта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өркен Сәйдібекұлының мамандығы IT саласымен байланысты болғанымен, әке кәсібін жалғастыруды таңдаған. Оның айтуынша, заманауи технологияны меңгеруі өндірісті жетілдіруге септігін тигізген.

– Алғашында бес-алты станокпен жұмыс істеп, екі-үш түрлі өнім ғана жасайтынбыз. Тапсырыс та аз болды. Соған қарамастан кәсібімізді тоқтатпай, біртіндеп дамыта бердік. Қазір шеберханада 50-ге жуық станок бар. Бұл өнім көлемін арттырып қана қоймай, ағашты сапалы өңдеуге мүмкіндік берді, – дейді кәсіпкер.

Шеберханада астау, табақ, тостаған, ожау, пиала және менажница секілді онға жуық түрлі бұйым жасалады. Әсіресе қымызға арналған ағаш ыдыс жиынтықтарына сұраныс жоғары. Әр бұйым ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендіріліп, дәстүрлі үлгі мен заманауи дизайн үйлестіріледі.

Өнімнің сапасы ең алдымен шикізатты дұрыс таңдаудан басталады. Шеберлер ағашты Семей, Өскемен қалаларынан және Жетісу өңірінің бірқатар аудандарынан алады. Негізінен қайың, тал және терек пайдаланылады. Сұрыпталған ағаш бірнеше кезеңнен өтіп, дайын бұйымға айналады.

Шеберлердің айтуынша, ыдыс жасауға кез келген ағаш жарамайды. Материалдың суға, ыстыққа төзімділігі мен тығыздығы ескеріледі. Дәстүрлі технологиялар сақталғанымен, өндірісте қазіргі заманғы құрал-жабдықтар кеңінен қолданылады. Кейбір бұйымды толық дайындауға бірнеше ай уақыт кетеді.

«Шеру» шеберханасының өнімдеріне еліміздің әр өңірінен тапсырыс түседі. Әсіресе Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан сұраныс жоғары. Соңғы жылдары шетелдік тұтынушылардың да қызығушылығы артып, Қытай мен Моңғолияға өнім жөнелтіле бастаған.

Кәсіп иесі ұлттық ағаш ыдыстардың табиғилығын да басты артықшылықтардың бірі санайды. Бұйымдардың ішкі бөлігі табиғи маймен өңделеді. Мұндай ыдыстардың беріктігі мен ұзақ сақталуы оны отбасылық жәдігерге айналдыруға мүмкіндік береді.

Шеберханада еңбек ететін мамандардың да өз тарихы бар. Бас шебер Ербосын Серікбайұлы мұнда алты жылдан бері жұмыс істейді. Алғашында тек астау жасаған ол бүгінде цехтағы барлық ыдыс түрін меңгеріп, станоктардың әрқайсысында жұмыс істей алады. Ал Разия Мұсаханқызы бұйымдарды ұлттық ою-өрнекпен безендіреді. Шебер бұл өнерді еңбек барысында үйренген. Қазір ол өрнекті алдын ала сызбасыз-ақ ағаш бетіне түсіре алады.

Отбасылық кәсіптің басты ерекшелігі – өндіріс пен ұлттық құндылықтың қатар дамуы. Шеберлер үшін әрбір ағаш ыдыс – тұтынушыға арналған тауар ғана емес, қазақ мәдениетін танытатын бұйым.

Алдағы уақытта әулет өндірісті кеңейтіп, жаңа шеберхана салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге домбыра жасап, киіз үйдің ағаш бөлшектерін өндіруді қолға алу көзделген.

Бүгінде Талдықорған қаласында 19 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 41,4 мың адам еңбек етеді. Осындай кәсіпкерлердің қатарында ұлттық өнерді заманауи кәсіппен ұштастырып отырған «Шеру» шеберханасының орны бөлек. Өйткені мұнда жасалған әрбір тостаған, пиала мен астау – атадан қалған өнердің жалғасы. Әулет еңбегі ұлттық қолөнердің тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі нарықта да сұранысқа ие, болашағы бар кәсіп екенін көрсетіп отыр.