Бадамшаның жас зерттеушілері ауа райын бақылап жүр

0 3

Бадамша ауылындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары Максим Гриненко мен Мансұр Танатбаев ауа райын бақылауды пайдалы жобаға айналдырып отыр. Олар күн сайын ауа температурасы, жел, жауын-шашын және басқа да табиғи құбылыстарды тіркеп, жиналған мәліметтерді талдайды.

Оқушылардың «Қарғалы ауданындағы ауа райын бақылау» жобасы өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде ІІІ орынға ие болды. Жоба жетекшісі – Жанат Қарасаева.

Жас зерттеушілер арнайы өлшеу құралдары мен метеорологиялық радарлардың мәліметтерін пайдаланып, ауа райының өзгерісін бақылайды. Қатты жел, найзағай, жауын-шашын, бұршақ немесе температураның күрт өзгеруі сияқты қолайсыз жағдайлар туралы ауыл тұрғындарына алдын ала ескертуге тырысады.

Олар өз болжамдары мен бақылау нәтижелерін әлеуметтік желілерде жариялап, WhatsApp желісінде арнайы топ арқылы тұрғындарға жеткізеді. Оқушылардың айтуынша, олардың бақылау нәтижелері көп жағдайда ресми болжамдармен сәйкес келеді.

Бұл жоба балалардың ғылыми ізденісін арттырып қана қоймай, жинаған білімін туған ауылының қажетіне жаратуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта олар бақылау жұмыстарын жалғастырып, жинақталған мәліметтерді көбейтуді жоспарлайды.