Атырау полипропиленіне сұраныс артып келеді

0 2

Көршілес Маңғыстау облысындағы су тазарту жүйелеріне арналған сүзгі элементтеріне шикізат ретінде атыраулық полимер пайдаланыла бастады. КРІ полипропиленінен әзірленетін сүзгі құралдары механикалық қоспаларды ұстап қалып, тазарту кезеңдерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осылайша барлық технологиялық процесс қалыпты деңгейде қызмет етеді.

«Аква Фильтер» ЖШС Маңғыстау облысындағы «Каспий» су тұщыту зауытының тапсырысы бойынша су тазарту жүйелеріне арналған сүзгі элементтерін шығарады. Бүгінде кәсіпорын ай сайын 10 мыңнан 30 мыңға дейін өнім өндіреді. Осындай өндіріс көлемін қамтамасыз ету үшін айына шамамен 20 тонна KPI полипропилені қайта өңделеді. Былтыр күзде қазақстандық полипропиленнің алғашқы тәжірибелік партиясы өндірісте сынақтан өткізіліп, оның кәсіпорынның технологиялық талаптарына толық сәйкес келетіні анықталды. Сынақ нәтижесі оң болғаннан кейін, биыл KPI полипропиленін өндірісте тұрақты түрде пайдалану басталған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

— Біз суды тазартуға арналған сүзгілердің екі-үш түрін шығарамыз. Алдағы уақытта өнім түрлерін сегізге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. KPI полипропилен түйіршіктері сапасы мен технологиялық сипаттамалары бойынша талаптарымызға толық сәйкес келеді. Қазақстанда полипропилен өндірісінің іске қосылуы отандық полимер өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Алдағы уақытта сапалы сүзгі элементтерімен тек Маңғыстау облысын ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, — дейді «Аква Фильтер» ЖШС директоры Амангелді Тасқымбаев.

Кәсіпорын болашақта мұнай-газ саласына, медицинаға және өнім сапасына жоғары талап қоятын басқа да бағыттарға арналған сүзгі элементтерін өндіруді игеруді жоспарлап отыр. Бұл қазақстандық полипропиленді қолдану аясын айтарлықтай кеңейтіп, жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға қосымша серпін береді. Бүгінде KPI полипропилен түйіршіктерімен 181 отандық қайта өңдеуші кәсіпорынды қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндірістерді құруға және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.