Қарағанды облысында негізгі бағыттардың бірі – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Облыста асыл тұқымды репродукторлар мен тауарлы-сүт фермалары құрылып, өндірістік қуаттарды жаңғырту және қалпына келтіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Биыл Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешеніне жалпы сомасы 113 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Оның аясында 42 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 450-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ретте қолдау тек ірі инвестициялық жобаларға ғана көрсетілмейді. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін шығындарды субсидиялау қарастырылған.
Осының арқасында облыста мал басы артуда. Мал басының артуы ет және сүт өндірісіне өз септігін тигізуде. Атап айтар болсақ, осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде ет өндірісі 2 пайызға, сүт өндірісі 5,5 пайызға, жұмыртқа өндірісі 2 пайызға өскені байқалады. Сонымен қатар мүйізді ірі қара саны 0,3 пайызға, жылқы саны 6,7 пайызға артқан.
– Бүгінде мал шаруашылығының тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын көріп отырмыз. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісінің көлемі артып, мал басы көбейіп келеді. Бұл ретте біздің міндетіміз – сандық көрсеткіштерді жай ғана ұлғайту емес, өнімділік пен сапаны арттыру, асыл тұқымды базаны нығайту және өндіріс үшін заманауи жағдай жасау, – деді Қарағанды облысының ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Сондай-ақ өңір ауылдық аумақтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға да ерекше мән беріп отыр. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Қазірдің өзінде 83 жеңілдетілген несие беріліп, 97 жаңа жұмыс орны ашылған.