Түркістан облысының экономикасы қарқынды даму үстінде. Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші бойынша облыс республика бойынша бірінші орынға тұрақтады. Атап айтар болсақ, өткен 6 айда облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызға өскен. Ал өңдеу өнеркәсібінде 423,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызды құраған.
Тау-кен өндірісінің көлемі 378,9 миллиард теңгені құрап, 119 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласында 325,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайыз болды. Сонымен бірге негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 894,6 миллиард теңгеге жетіп, 144,4 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Оның 834,1 миллиард теңгесі немесе 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 миллиард теңгені құрап, өсім 125,5 пайызға жетті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 474,9 мың шаршы метр болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 108,3 пайызды құрады. Сауда көлемі 476 млрд. теңгеге жетіп, өсім 121,4 пайызды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 155,7 млрд. теңгеге дейін ұлғайып, 114,8 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Байланыс саласында да оң динамика сақталып, қызмет көлемі 109,6 пайызға артты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, алты айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша 1-орынға шықты. Жалпы өңірлік өнім көлемі бірінші тоқсанда 1 триллион 129,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 109,6 пайызды құрады.
Бұл нәтижелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары мен жауапты мекеме басшылары қатысты. Облыс әкімі индикаторларды орындай алмаған басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша облысымыз бірінші орынға шықты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бірақ кейбір аудан, қалалар өздеріне жүктелген индикаторды толық орындай алмады. Ауызша ескерту береміз, бірақ 9 айдың қорытындысында ол кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімі өзі басқаратын аумақтағы табыс көздерін, қаржылық жағдайын, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін жақсы білулері керек. Сонда ғана негізгі экономикалық көрсеткіштер ұлғаяды. Әкімдіктер мен жауапты басқарма басшылары тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өңірде ашылып жатқан зауыттар мен кәсіпорындарға жергілікті тұрғындарды тартуға назар аударсын. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтіңіздер. Жұмыспен қамту, туризм, білім салаларындағы проблемаларды шешіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді Нұралхан Көшеров.
Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасап, аудан, қала әкімдері мен облыстық басқармалар қызметінің тиімділігіне жүргізілген рейтинг қорытындыны жариялады. Биыл бағалауға арналған 111 индикатор бекітілсе, соның 93-і бойынша бірінші жартыжылдықтың нәтижесі шығарылды.
Рейтинг қорытындысында аудан, қала әкімдіктері арасында алғашқы үштікке Сауран, Түлкібас және Қазығұрт аудандары кірді. Ал, Арыс қаласы, Отырар және Келес аудандары орналасты. Облыстық басқармалар арасында үздік нәтижені экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, мәдениет басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы көрсетті. Ал, туризм басқармасы, білім басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы рейтингтің соңғы орындарынан көрінді.
Жиын соңында облыс әкімі рейтингте төмен нәтиже көрсеткен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептерін тыңдап, әрбір көрсеткіш бойынша нақты нәтиже шығаруды, жоспарлардың толық орындалуын және жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық сала басшылары мен әкімдерге экономикалық өсім қарқынын сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.